Өңдеу секторына қаржы салатын инвесторлар келесі жылдан бастап үш жылға салықтан босатылады – Тоқаев

Жарияланды
Күндізгі жаңалықтар редакторы

Инвестиция тарту жұмыстарының тиімділігін арттыру/ telegram/aqorda_resmi

«Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге инвестиция тартудың тиімді шаралары туралы айтты.

«Өздеріңізге мәлім, менің тапсырмама сәйкес, өңдеу секторына қаржы салатын инвесторлар келесі жылдан бастап үш жылға салықтан босатылады. Бұрын-соңды мұндай жүйелі шаралар болмаған әрі оның шешуші сипаты бар. Әйтпесе, инвестиция үшін өте жоғары халықаралық бәсекелестік қалыптасып тұрған жағдайда көздеген мақсатқа қол жеткізу қиынға соғады», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент өткен аптада Инвестиция тарту жұмыстарының тиімділігін арттыру туралы Жарлыққа қол қойғанын атап өтті. Енді Инвестициялық штабтың жұмысы жобаларды уақытылы және кедергісіз жүзеге асыруға бағытталатын болады.

Мемлекет басшысы штабқа заңды күші бар, уақытша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу құқығы берілгеніне де тоқталды.

«Оған шешімдер қабылдауға құзырет беру аса маңызды. Оны мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар міндетті түрде орындауы керек. Мұндай шаралар еліміздегі инвестициялық климатты жақсартуға ықпал етуді көздейді. Бұл жұмыс Инвестициялық штабтың барлық мүшесіне жеке-жеке жауапкершілік жүктейді», – деді.

Жалпы, инвестиция тарту ісінде «бюрократияға мүлде жол жоқ – барынша нақты іс-әрекет» қағидаты басшылыққа алынуы қажет. Қолға алынған істің нәтижесі мемлекеттік аппараттың жіті назарында болуға тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз