2025 жылғы жалпыға ортақ декларацияға дайын болу үшін не істеу керек – Қаржы министрінің жауабы
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2025 жылы қолданысқа енетін жалпыға ортақ декларация қалай жүретіні жайлы, осы орайда өзінің де екінші рет декларация тапсырғанын атап өтті.
«Мен, жеке өзім және менің отбасым алдыңғы жылы мүлкімізді, ақшамызды декларацияладық. Қазір екінші рет декларация тапсырып жатырмыз»,– деп мәлімдеді Үкімет басшысының орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Ол бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі кулуарда айтты.
Ерұлан Жамаубаев декларацияны кімге тапсырғанын және оның неге жалпыға жарияланбай жатқанын түсіндірді.
«Декларацияны кадр қызметіне тапсырдым. Ары қарай кадр қызметі жұмыс істейді. 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін декларацияны жариялауға мораторий енгізілген. Кадр қызметі әзірше жарияламайды», – деді Қаржы министрі.
Ерұлан Жамаубаев жалпыға ортақ декларация қолданысқа 2025 жылы енетінін, заң баршаға ортақ екенін атап өтті.
«Заң талабы баршаға бірдей болуы керек деп санаймын. Мемлекеттік қызметкерге де, кәсіпкерге де, ірі бизнесменге де заң ортақ болуы тиіс», – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Сондай-ақ 2025 жылғы жалпыға ортақ декларацияға дайындық қалай жүріп жатқанын жариялады.
«2025 жылы ел азаматтары мүлкін, ақшасын, бағалы қағаздарын көрсетуі керек. Декларацияда толық көрініс табуы үшін қазірден бастап мүлікке қатысты құжаттарды тауып, бастапқы дереккөздерді іздеуге кірісу қажет», – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Айта кетейік, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан декларациялаудың үшінші кезеңіне өтеді. Бұл қадам көлеңкелі экономикамен күрес және сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою мақсатында жүзеге асырылады.
Бұған дейін шенеуніктердің жеке кірісін декларациялауға 2025 жылға дейін мораторий жарияланды.
Осыған дейін декларацияны қалай тапсыру керек, тапсырмаған жағдайда салдары қандай болатыны жайлы жазғанбыз.