Декларация тапсырғанда қандай мүлікті көрсету міндетті?

Жарияланды
Фото: Егемен Қазақстан

Қазақстандық азаматтар 2021 жылдан бері жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне біртіндеп еніп келеді. Мысалы алғашқы кезеңде мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары тапсырса, екіншісінде бюджеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік секторда істейтіндер міндеттелген. Ал енді жарты айдан сәл астам уақыттан соң үшінші кезең басталады. Бұл жолы «Активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны» (250.00 форма бойынша) жеке кәсіпкерлер, заңды тұлға басшылары тапсырады.

Бұған дейін «Кәсіппен айналысатын отбасылар декларация тапсыратын кезең таяды: үшінші кезең туралы нені білуіңіз керек?» деген тақырыпта нұсқаулық әзірлеген едік. Бүгінгі материалымызда 250.00 формада не көрсетіледі, қалай көрсетіледі — сол туралы айтамыз.

Декларацияны жеке кәсіпкер ретінде тіркелген барлық заңды тұлға тапсырады. Тіпті еш айналымы жоқ кәсіптің басын ұстап отырсаңыз да, тапсыруға міндеттісіз. Жергілікті мемлекеттік кірістер органына декларацияны онлайн тапсыратын болсаңыз, 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейінгі аралықта өткізу қажет. Салық төлеушінің кабинеті  (cabinet.salyk.kz), e-Salyq Аzamat, еGov mobile, Halyk мобайл қолданбалары арқылы тапсыруға болады. Ал егер қағаз түрінде өткізетін болсаңыз, 15 шілдеден кешіктермеу қажет.   

Үшінші кезең декларанттары қатарына кіретіндер:

  • Заңды тұлға жетекшілері мен олардың жұбайлары;
  • Жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары;
  • 2023 жылы жұмысқа кіріп, 2024 жылғы 1 қаңтарда мемлекеттік мекеме, квазимемлекеттік секторда жұмыс істеп жатқандар мен олардың жұбайлары.

Егер осы категорияға кіргенімен, кәсіпкер ретінде жұмысты уақытқа тоқтатып қойған болсаңыз не мүлдем кәсіппен айналыспай жүрген болсаңыз, онда ЖК не заңды тұлға тіркелген аймақтағы мемлекеттік кірістер органына Кәсіпкерлік қызметті тоқтату туралы арыз жазғаныңыз абзал. Тағы бір айта кететін жайт, 2024 жылы 250.00 форма бойынша тапсырғаннан кейін жыл сайын Табыс пен мүлік туралы декларацияны 270.00 форма бойынша өткізіп отырасыз. Бірінші рет кешіктірген жағдайда ескертеді, тағы қайталанса — 15 АЕК айыппұл салады.   

Декларацияда не көрсету керек?

  • Декларацияны тапсырмас бұрын қызметін тоқтатқан не сенімсіз салық төлеушілер тізімінде бар-жоғыңызды тексеріп алыңыз. Оны мына сілтемелер арқылы білуге болады:
  • https://kgd.gov.kz/ru/services/taxpayer_search_unreliable/list
  • https://kgd.gov.kz/ru/services/taxpayer_search_unreliable
  • https://kgd.gov.kz/ru/services/taxpayer_search/entrepreneur
  • Шетелдегі мынадай активтерді көрсетуіңіз керек:
  • Жылжымайтын мүлік, жер телімдері;
  • Көлік, арнайы техникалар, тіркемелер;
  • Әуе және теңіз кемелері, ішкі судағы навигациялық кемелер, өзен-теңіз навигациялық кемелері;
  • Қазақстан Республикасынан тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлестері;
  • Шетел банктеріндегі шоттардағы барлық банк депозиті бойынша есептегенде 1 000 АЕК-тен асатын қаражат (3 450 000 теңге).
  • Қазақстанда болсын, шетелде болсын декларацияда мына деректерді көрсетуіңіз қажет:
  • Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар;
  • Бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары;
  • Дижитал активтер;
  • Инвестициялық алтын;
  • Интеллектуал меншік объектілері, авторлық құқықтар;
  • 10 000 АЕК (34 500 000 теңге) дейінгі қолма-қол ақша, оның ішінде банк сейфтерінде жатқан;
  • жеке тұлғаларға нотариалды куәландырылған несие шарттары.
  • Сондай-ақ, қалауыңызға қарай құны 1000 АЕК-тен (3 450 000 теңге) асатын мәдени құнды бұйымдар, антиквариат, биологиялық активтерді көрсетуге болады. Бірақ мұндай бұйымдарды 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін тәуелсіз бағалаушыға көрсетіп, бағалатып алу керек.

Толтырмас бұрын ескеретін жайттар

          Декларацияны толтырмас бұрын декларациялануы керек делінген жекелеген деректерді бір тексеріп шықсаңыз болады. Ол үшін мына сайттарға кіріп, қарап алыңыз:

Нені көрсетпесе болады?

          Көпшілігі декларация тапсыру туралы айтыла бастағалы қорқып жүргенін де байқадық. Әсіресе, әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Негізі мұнда үрей тудыратындай ештеңе жоқ.

Бар болғаны өзіңізде бар мүлікті тіркейсіз. Мысалы сізде құны 1000 АЕК-тен асатын 100 жүзік бар болса, оны декларациялаудың қажеті жоқ. Ал енді бір сақинаның өзі осынша тұратын болса, оны көрсетуге міндеттесіз. Сол сияқты сағат, сөмке, ит-мысық, көненің көзі болып келе жатқан құнды мұра — бәрін көрсетесіз. Шарты сол — құнына байланысты. Мемлекеттік базада тұрған жылжымайтын мүлік, көлікті көрсетудің қажеті жоқ. Сонымен бірге қазақстандық банктердің есепшоттарында жатқан қаражатыңызды да тіркеп жүрмейсіз. Өйткені ол ақпараттың бәрі салық органдарында онсыз да бар.

          Мемлекет сіздегі әлдебір мүлік не капиталдың қалай келгенін сұрап жатпайды. Бірақ декларация тапсырған соң шығу тегін дәлелдей алмасаңыз немесе ол активтерді сатып жіберіп, ақшалы болсаңыз, онда жеке табыс салығын төлеуіңіз керек болады. Егер мүлік ерлі-зайыптыға ортақ болса, онда декларация кезінде мүлікке үлесі бар екені көрсетеді. Қаржы министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда жеке тұлғаның қарыздары туралы толық ақпарат жинақталады. Яғни формада нотариус не сот заңды деп тапқан міндеттемелер көрсетіледі. 

Деректеріңіз базада қате көрсетіліп тұрса, не істеу керек?

          Егер әлдебір мәлімет дұрыс көрсетілмесе, онда өкілетті органға тікелей хабарласып, мән-жайды анықтауыңыз қажет.

  • Бағалы қағаздар бойынша – «Орталық бағалы қағаздар депозитарийі» АҚ Телефон +7 777 780 66 43,
  • Үлестік қатысуға қатысты – Қазақстан Республикасы Индустрия және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті. Телефон +7 7172 57 61 50, +7 7172 57 64 79, +7 7172 57 64 71, азаматтардың барлық өтініштерін қабылдауға және өңдеуге арналған E-Otinish бірыңғай платформасы);
  • Интеллектуал меншік объектілеріне берілетін авторлық құқық – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Ұлттық интеллектуал меншік институты» РМК. Телефон нөмірі +7 7172 621511, +7 7172 621514.
  • Сенімгерлік басқаруға берілген мүлік бойынша – «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ. Телефон 1414.
  • Несие шарттары бойынша – Республикалық нотариалдық палата. Телефон нөмірі +7 7172 50 88 26, +7 7172 50 88 34.
Сондай-ақ оқыңыз