Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заң жобалары жақын арада Парламент Мәжілісіне енгізіледі
Премьер-министр Әлихан Смайылов сенатор Дархан Қыдырәлінің депутаттық сауалына жауап беріп, тұрмыстық және еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен харассментті жою бағытында қандай іс-шаралар атқарылып жатқанын жариялады.
«Үкіметтің тапсырмасымен «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі саясатты қайта қарау, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды заңнамалық күшейту, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды ілгерілету жөніндегі Жол картасы» іске асырылуда. Жалпы Жол картасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылын күшейтуге бағытталған», – деп жазылған ресми жауапта.
Дархан Қыдырәлі депутаттық сауалында БҰҰ мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірігіп жүргізген зерттеуде көрсетілген сандарды сөйлетіп, Қазақстанда жұмыс орнында харассмент пен зорлық жасалатынын, харассментке ұшырағандардың 57,6%-ы мұндай оқиғаны бір емес, бірнеше рет бастан кешкенін мәлімдеген болатын. Сонымен қатар ол харассменттің 41%-ы жұмыста, 38%-ы корпоративтік іс-шараларда орын алатынын айтқан.
Сенатор Қазақстанға Халықаралық еңбек ұйымының еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен харассментті жою туралы конвенциясын ратификациялауды ұсынған.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс орнында нәпсілік қол сұғу жағдайларының жолын кесу және зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында бірқатар заңнамалық актілерге (Қылмыстық кодекске, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске), оның ішінде Еңбек кодексіне «жұмыс орнында жыныстық қол сұғушылық» ұғымын енгізу, жұмыс беруші мен жұмыскердің жұмыс орнындағы нәпсілік қол сұғушылықтан қорғау бойынша құқықтары мен 1 ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 28 сәуірдегі № 258 қаулысымен бекітілген 2 міндеттерін бекіту бөлігінде түзетулер жобасын әзірледі», – деп нақтыланған Әлихан Смайыловтың Дархан Қыдырәліге жолдаған жауабында.
Үкімет басшысы түзету мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп жатқанын жариялады.
«Сонымен қатар, қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінің депутаттары бастама жасаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдардың жобаларына Үкіметтің тиісті қорытындылары жақын арада Парламент Мәжілісіне енгізіледі. Аталған бағыттар бойынша жұмыс жалғасуда және мемлекеттік органдар мен Үкіметтің тұрақты бақылауында», – делінген депутаттық сауалға берілген жауапта.