Жаңалықтар

Ресейлік мұнайды тиеген танкерлер Үндістанға баратын жолда тоқтап тұр

Фото: oilcapital.ru

Жалпы көлемі 5 миллионға жуық баррель ресейлік «Сокол» мұнайын тиеген алты танкер Үндістанға бара жатқан жолда тоқтап тұр, деп хабарлайды Bloomberg танкерлерді қадағалаушы құрылғы деректеріне сілтеме жасап.

Агенттіктің мәліметінше, кептеліп қалған бес танкер «Совкомфлотқа» тиесілі, алтыншысының иесі анықталмаған.

Bloomberg-тің түсіндіруінше «Совкомфлотқа» тиесілі NS Century кемесі 16 қарашада Шри-Ланканың оңтүстігінде тоқтаған. Өткен аптада оған компанияның тағы екі танкері қосылды. Үш кеменің де бағыты Үндістанның Вадинар порты еді, деп хабарлайды агенттік.

Сондай-ақ, Үндістанның шығыс жағалауындағы Парадип портына бет алған ресейлік мұнайды тиеген «Крымск», «Неллис» және «Литейный даңғылы» танкерлері де діттеген жеріне жете алмаған.

Агенттіктің мәліметінше, «Совкомфлотқа» тиесілі бес кеменің әрқайсысы шамамен 700 мың баррель, алтыншы «Неллис» танкері шамамен 1,4 миллион баррель мұнай тасымалдайды.

Танкерлердің тоқтауының нақты себебі әзірге белгісіз.

20 желтоқсанда Ресей Федерациясының Қаржы министрлігі Қазынашылық департаментінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) ресейлік мұнай бағасының шекті деңгейін сақтау бойынша нұсқаулықты жаңартты.

Сонымен бірге Гонконгтық трейдерлер Bellatrix және Covart-қа, БАӘ-лік Voliton-ға және «Совкомфлотқа» мұнай тасушы танкерлерін басқаруға берген Sun Ship Management-ке қарсы санкциялар салды. Бұл жағдайлардың тоқтап қалған танкерлерге қатысы бар-жоғы белгісіз.

Бұл тұста АҚШ Өкілдер палатасының Қаржы қызметтері комитетінің басшысы Патрик МакХенри және тағы үш конгрессмен Құрама штаттар президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливанға ресейлік мұнай бағасының шекті деңгейін алып тастауды және Ресейге қарсы «жан-жақты энергетикалық санкциялар режимін» енгізуді ұсынды. Олардың пікірінше бұл өзгерістер Мәскеудің кірісін шектейді. Бұл туралы Қаржы қызметтері комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Конгрессмендер АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігінің мұнай бағасына шекті баға белгілеу туралы шешімін айыптап, бұл шараны «қате» деп атады. Олардың пікірінше, Америка енгізген баға шектеулері Ресейге Украинадағы әскери операцияларды қаржыландыруға кедергі бола алмайды.

Бұған дейін Сенат Ресейдің мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы Келісімге енгізілетін өзгерістер туралы заңды ратификациялағанын жазғанбыз. Оған сәйкес, ресейлік мұнайдың уақытша мерзімдік кедендік декларациясының күші жойылады.

Бұл заң Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге енгізілетін өзгерістерді заңды негізде рәсімдеу үшін әзірленген.