Смайылов тапсырмасы: шектеу қойылған жолдарда көліктер жүрмейді

Жарияланды


Ауа райының қолайсыздығына байланысты шектеу қойылған жолдарда көліктер жүрмейді. Бұл жайлы премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Премьер-министр 25 желтоқсаннан бастап Қазақстанның барлық өңірінде ауа райы күрт бұзылғанын атап өтті. Үкімет басшысы барлық үйлестіру штабының жұмысын жандандыруды, көлік жолдары мен елдімекендердегі көшелерді қардан тәулік бойы тазартып отыруды, сондай-ақ жолаушыларды жылыту бекеттеріне шұғыл эвакуациялау үшін көлік құралдарының қорын қалыптастыруды талап етті.

«Жалпы орталық және жергілікті мемлекеттік органдар үйлесімді жұмыс жүргізді. Сондай-ақ қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін жекелеген ведомстволар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту керек. Көлік министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» компаниясы республикалық және халықаралық маңызы бар автожолдарда қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етуді ерекше бақылауға алуы керек. ТЖМ Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, қолайсыз ауа райы туралы халықты алдын ала хабардар етуі тиіс», – деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар үкімет басшысы шектеулер кезінде көлік құралдарының қозғалысына жол бермеу жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды. Тіпті қажет болған жағдайда арнайы техниканы күрделі жол учаскелеріне жедел жіберуді бұйырды.

Өз кезегінде Көлік министрі қазіргі уақытта барлық әуежай штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын айтты.

«Әуе кемелерін қабылдауға және шығаруға ешқандай шектеулер жоқ. Сонымен қатар 29-31 желтоқсан аралығында Астанада ауа райы күрт бұзылды: қалың қар жауып, боран соқты, желдің жылдамдығы секундына 26 метрге жетті. Соның салдарынан 100-ден астам рейс кешіктірілді. Қажетті шараларды қабылдау үшін әуежай, авиакомпания және метеорологиялық қызмет өкілдерінің қатысуымен жедел штаб жұмыс істеді», – деді министр.

Министр алдағы уақытта рейстердің ұзақ мерзімді кешігу қаупін азайту үшін әуекомпаниялар мен әуежайлар арасындағы үйлестіру күшейтілетінін атап өтті.

Әуе жолдарынан бөлек мереке күндері автомобиль арқылы жол қатынасы жандана түскен. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жол қозғалысы қиындап, 13 облыста 107 қысқа мерзімді жол қозғалысына шектеу қойылған. Министр жағдайды тәулік бойы бақылап, қажетті шараларды қабылдау мақсатында жедел штаб жұмыс істегенін айтты.
Ал мереке күндері жолаушыларды теміржолмен тасымалдау кесте бойынша тұрақты жұмыс істеуі үшін жоғары сұранысқа ие пойыздарда орын саны ұлғайтылған. Жүктеме артқаны себепті 12 бағыт бойынша қосымша 296 тіркеме вагон жіберілген.

Сондай-ақ оқыңыз