Тағы бір ресейлік компания Қазақстанға көшеді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Dodo Brands Қазақстанға көшеді / wikimedia commons

Ресейлік Dodo Brands пиццериялар желісі юрисдикциясын британдық Виргин аралдарынан Қазақстандағы «Астана» халықаралық қаржы орталығына ауыстыруды жоспарлап отыр.

«2023 жылғы 15 желтоқсанда директорлар кеңесі BVI-ден (Британдық Виргин аралдары) холдингтік компанияның «Астана» халықаралық қаржы орталығына (Қазақстан Республикасы) редомициляциясын мақұлдады. Осы шешімді бекіту мақсатында 2024 жылғы 10-26 қаңтар аралығында акционерлердің сырттай дауыс беру процессі өтеді», – деп хабарлады Dodo Brands қаржы директоры Лина Наумова.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап компанияның қаржы директоры қызметінен келген Наумова 30 қаңтарда Мәскеу уақытымен сағат 16:00 Dodo Brands акционерлерінің онлайн кездесуі өтетінін айтты.

Dodo Brands компаниясын 2011 жылы Ресейдің Сыктывкар қаласында Федор Овчинников құрған. Франшиза 14 елде өз пиццерияларын ашқан.

Dodo Brands Қазақстанға көшіп келген алғашқы ресейлік компания емес. 2022 жылы Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғалы көрші ел компаниялары юрисдикция ауыстыруға бейім бола бастаған.

2023 жылы Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров ресейлік нарықтан 400 ге жуық компания қоныс аударуға ниет білдіргенін айтқан. Дегенмен Алмас Айдаров көптеген компания Ресейден көшуге қатысты өздерінің жоспарын ашық жарияламауды сұрайтынын атап өтті. Өйткені олардың бірқатары жария компаниялар, акциялары қор нарықтарында саудаға шығарылған. Сондықтан жоспардың жария болуы олардың қоныс аударуына қатысты қиындық тудыруы мүмкін және акцияларының бағасына да ықпал етуі ықтимал. 

«72 компания Ресейден Қазақстанға қоныс аударуға мүдделі. 29 компания елімізге қоныс аударуды аяқтады», – деді Айдаров.

Айта кету керек, сәуір айының соңында «Курсив» басылымы Ресейден компаниялардың қоныс аударуы мәселесіне қатысты сараптамалық материал жария еткен болатын. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, геосаяси жағдайға байланысты (РФ нарығынан шетелдік компаниялардың жаппай кетуі) 2021 жылы елімізге – 20, 2023 жылы 4 компания қоныс аударған. Бұдан бір жыл бұрын ел үкіметі 362 ірі шетелдік компаниямен релокация бойынша келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеген. Кейінірек 62 компаниядан оң жауап алдық деп мәлімдеді. Бірақ нәтижесінде 20 шақты компанияның келуі релокацияның баяу жүріп жатқанын аңғартса керек. Дегенмен министрлік жалпы шетелдік компаниялар нарық алаңын ұсыну бойынша белсенді жұмыс жалғасатынын хабарлайды.

Сондай-ақ оқыңыз