БҰҰ бітімгершілік миссиясына аттанатын әскерилер қанша жалақы алады – Қорғаныс министрлігінің өкілі жауап берді
Біріккен Ұлттар ұйымының бітімгершілік миссиясына қатысатын әскерилер қанша жалақы алады. Бұл сұраққа Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы, полковник Олжас Құсайынов жауап берді
Департамент басшысының баяндауынша, БҰҰ ай сайын әскери қызметшілерге 1 448 доллар жалақы төлейді.
«Қазақстан Қарулы Күштері тарапынан әр әскери қызметшіге осыған дейін алып жүрген айлық жалақысының 3 еселенген көлемін төлейді»,– деді Олжас Құсайынов .
Дегенмен Қорғаныс министрлігінің өкілі әскерилердің Қазақстандағы жалақысының көлемін жария еткен жоқ.
Кursiv.media тілшісінің: «Барлығы тыныш па?» деген сұрағына Олжас Құсайынов: «Тыныш деп айтуға келмейді, тыныш жерде миссия болмайды», – деп жауап берді.
БҰҰ бітімгерлік миссиясына кімдер аттанады
Полковник бітімгерлік контингентінің құрамы мотоатқыштар мен саперлерден және әскери медицина өкілдерінен жасақталатынын айтты.
«Бітімгершілік миссиясына қатысатын әскерилер қатарында десанттар жоқ. Осы жолы миссияны орындауға 7 әйел адам барады. Қазіргі таңда бір әйел адам Батыс Сахарада міндетін атқарып жатыр», – деді Олжас Құсайынов.
Сенаттың халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов де пікір білдірді. Ол мемлекеттің бедел жинауы үшін жасалып жатқан іс емес екенін айтты.
«Бұл біріншіден, халықаралық дәрежедегі беделіміз болса, екіншіден, біздің әскери қызметшілерімізге, әсіресе, офицерлерімізге үлкен тәжірибе. Бұл саясат үшін, бедел жинау үшін жасалып жатқан іс емес, әлемдік қажеттілікке байланысты туындаған дүние. Біріккен Ұлттар ұйымы аса маңызды саяси әлеуметтік мәселелерге араласып отырған ұйым. Тағы да айтамын, біздің ел бұл іске бедел жинау үшін емес, өзімізге керек болған үшін қатысып отыр», – деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Айта кетейік, Конституцияның 53-бабы 5-тармақшасы бойынша, БҰҰ-ның Голан биіктігінде бөлінуді бақылау күштеріне (UNDOF, Сирия-Израиль), бітімге келу шарттарының орындалуын байқау органына, Оңтүстік Судан Республикасындағы миссияға, әуедегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету уақытша күштеріне қатысу үшін Қазақстаннан саны 430 адамнан аспайтын әскери қызметші жіберу жоспарланды.
Жоспарды жүзеге асыру үшін 2024 жылғы наурызда 139 әскери қызметші Сирияға аттанатын болды.
Бұған дейін жазғанымыздай, Қазақстанның БҰҰ-дағы бітімгершілік контингенті құрамында 8 әйел әскери қызмет атқарады. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықтың дерегінше, Батыс Сахарада контингент құрамында бір әйел қызмет етіп жатқанын айтты.
Қазақстанның бітімгершілік күштері шиеленісті аймақ – Голан үстіртіне жіберіледі: ол үшін бюджеттен 8 млн доллар бөлінген.