Ұлттық қордан әр баланың шотына алғашқы жарнасы түсті: 305 мың бала ақшасын осы жылы алады
Еліміздегі барлық балалардың есепшотына «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша алғашқы нысаналы жинақтары түсті. Бұл жайлы БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарлады.
«Ұлттық қор-балаларға» бағдарламасы бойынша БЖЗҚ-ға алғашқы нысаналы талаптар есептелініп, нысаналы жинақтау шоттарына алғашқы нысаналы жинақтар түсті»,- делінген баспасөз хабаламасында.
Қордың хабарлауынша, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бағдарламаға 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы саналатын барлық бала қатысушы ретінде тіркелген.
Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны – 6 919 131 бала. Бұл тізімде 01.01.2006 жыл мен 31.12.2023 жыл аралығында туған барлық бала бар. Оның ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады. Олар бұл қаражатты осы жылы алады.
«18 жасқа 2024 жылы толатын балаларға аталған сома олардың БЖЗҚ-да автоматты түрде ашылған нысаналы жинақтау шоттарына түсті. Бағдарламаның бұл қатысушылары өздерінің нысаналы жинақтарын тұрғын үйге немесе білім алуға кәмелетке толғаннан кейін бірден пайдалануға құқылы болады», – делінген хабарламада.
Балалардың есепшотында қанша қаражат бар?
Қордың хабарлауынша барлық балаға қаражат тең бөлінген. Қазіргі уақытта әрбір баланың шотына Қазақстанның Ұлттық қорынан 100 АҚШ доллары және 52 цент мөлшерінде қаражат түскен.
«Бұл тек алғашқы есептеулер екенін түсіну маңызды. Жыл сайын бұл сома Ұлттық қор активтерінің өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады. Бұдан бөлек, есептелген қаражат Ұлттық қордың валюталық активтерінің құрамында инвестициялануын жалғастырады және бағдарламаға қатысушы балаларға олар 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкеледі»,- делінген қор хабарламасында.
Балалардың шотындағы ақшаны қалай тексеруге болады?
Баланың бағдарламаға қатысуы туралы және есептелген нысаналы талаптар туралы ақпаратты кәмелетке толмаған баланың ата-анасы арнайы ашылған kids.enpf.kz сайтынан, баланың ЖСН бойынша тексере алады. Сонымен бірге ата-аналар өз балалары бойынша есептелген қаржы туралы деректерді egov.kz порталындағы Жеке кабинетінен тексеруге болады.
Ал нысаналы жинақтарды кәмелетке толған азамат enpf.kz сайтындағы өзінің Жеке кабинетінде тексереді. Сондай-ақ БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасында немесе egov.kz порталында қажетті мәліметтер бар.
Балалардың атына шот ашылу үшін ата-аналардан сұралатыны – баланың жеке басын куәландыратын құжаты болуы керек. Оның ішінде жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) болуы міндетті. Егер бұл қандай да бір себептермен әлі жасалмаған болса, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіну қажет.
Сонымен бірге egov порталы немесе eGovmobile қосымшасы арқылы деректемелердің бар-жоғын және олардың дұрыстығын тексеру керек. Қажетті деректер – кәмелетке толмаған тұлғаның тегі аты әкесінің аты, туған күні, ЖСН, азаматтығы.
Бұл мәліметтерді ата-аналар «электрондық үкімет» веб-порталындағы Жеке кабинетінен «Балалар туралы мәліметтер» бөлімінен тексере алады.
Егер балада азаматтығы болмаса немесе дұрыс көрсетілмеген болса, тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгінуі қажет.