Бішкек ЖЭО-сына диверсия жасалған болуы мүмкін  – Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті

Жарияланды
Бішкек жылу орталығына
Төтенше жағдайлар министрі Бішкек жылу электр орталығына диверсия жасалған деген болжамдар қарастырылып жатқанын айтқан / Фото: kursiv.media

Бішкек жылу электр орталығына диверсия жасалған болуы мүмкін. Мұндай болжамды Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев айтты.

Бұл жайлы 2 ақпанда өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Қамшыбек Ташиев диверсия мүмкіндігін жоққа шығармайды. Өйткені апаттың алдында әлдененің жарылған даусын естігендер бар.

Өз кезегінде Төтенше жағдайлар министрі Бообек Әжиев жылу электр орталығында төтенше жағдай жарияланғанын айтты. Ол апат қолдан жасалған болуы мүмкін деген болжамдардың қарастырылып жатқанын айтқан.

«Жабдықтарды тексерген кезде бәрі жақсы болған. Бұл  – кенеттен болған апат. Қысқа дайындық та жақсы жүргізілген. 1970-ші жылдары пайдалануға берілгендіктен, құрал-жабдықтары ескі. Ал соңғы жөндеу жұмыстары желтоқсанда жүргізілген. Апат қазандықтың қосалқы жабдықтарында болды деп топшылаймыз», – дейді Энергетика вице-министрі Нәсіпбек Керімов.

Жарылыс Бішкек ЖЭО-сының 14-ші қазандығында болған. Апатқа қарамастан, кейбір аудандарға жылу үзіліссіз беріліп жатыр. Ал кей аудандарға су тек рециркуляция режимінде, яғни төмен температурада беріліп отыр.

Нәсіпбек Керімов қазіргі таңда ЖЭО жұмысшылары апат себебін анықтап жатқанын айтты.

«Қазір ЖЭО жұмысшылары апаттың себебін анықтау үшін тексеріс жүргізіп жатыр. Кейбір нысандарда жылу режимін сақтау үшін мектептерде онлайн режимі енгізілді. Ал электр энергиясы тоқтаусыз беріледі. Апаттың себептері екі-үш күн ішінде анықталады», – деп мәлімдеді вице-министр.

Жауапты органдар жылыту 2 ақпан күні кешке қарай қайта берілетінін мәлімдеген. Осы орайда Еңбек вице-министрі Ұлан Шанашев мемлекеттік органдар жұмысын тоқтатпайтынын айтқан. Оның айтуынша, санитарлық норма бойынша 18-20 градуста адам жұмысын жалғастыра алады.

Апат туралы

Еске сала кетсек 1-нен 2-ші ақпанға қараған түні Бішкек ЖЭО-сында апат болып, салдарынан бес адам жарақат алған. Екеуінің денесін қатты күйік шалып жансақтау бөлімінде жатқаны хабарланған.

Қаланың кей тұстарында жылу беру тоқтағанына байланысты қаладағы мектептер мен балабақшалар онлайн оқытуға көшірілген. Ал Садыр Жапаровтың баспасөз хатшысы бұл жағдайды Қырғызстан Президенті өз бақылауында ұстап отырғанын хабарлаған.

Бұл апатқа байланысты Қырғызстан Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров күні кеше Қазақстанға іссапарын тоқтатып, Бішкекке қайттты. Сапар барысында ол ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловпен кездесіп, екі ел арасында сауда саласы бойынша ынтымақтастық мәселесін талқылады. Нәтижесінде екі тарап қысқа мерзімде қазақ-қырғыз шекарасында жүк көлігі үшін қосымша өткізу бекетін ашу мәселесін пысықтауға, сондай-ақ су-энергетика саласындағы өзара іс-қимылды күшейтуге келісті.

Ақылбек Жапаров Қазақстанға ресми сапармен келген еді. Ол Digital Almaty 2024: Industry X форумына қатысты. Сонымен қатар, Еуразия үкіметаралық кеңесінің отырысына қатысуы керек еді.

Ал, бейсенбі кешке ол Ресей премьер-министрі Михаил Мишустимен кездесті. Тараптар білім беру, транспорта, туризм және тау-кен өндіріс салаларындағы ынтымақтастықты талқылаған.  

Сондай-ақ оқыңыз