Шетелде туған балаларға «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша ақша төлене ме?
Шетелде туған балаларға «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша ақша төлене ме? Бұл сұраққа Қаржы министрлігінің Бюджеттік кредиттеу, ҚР Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері жөніндегі өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазинов жауап берді.
«Егер бала Қазақстан Республикасынан тыс жерде дүниеге келген болса, бірақ Қазақстан Республикасының азаматтығын алса, оған қаражат туған кезден бастап есептеледі. Ал егер бала басқа мемлекеттің аумағында дүниеге келіп, азаматтықты келген кезде ғана алса, онда қаражат азаматтық алған кезден бастап есептеле бастайды. Бұл жерде негізгі шарт – Қазақстан Республикасының азаматтығы екенін атап өткен жөн», – деді спикер.
1 ақпанда елдегі барлық баланың есепшотына «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша алғашқы нысаналы жинақтары түсті. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бағдарламаға 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы саналатын барлық бала қатысушы ретінде тіркелген.
Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны – 6 919 131 бала. Бұл тізімде 01.01.2006 жыл мен 31.12.2023 жыл аралығында туған барлық бала бар. Оның ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады.
2024 жылы 18 жасқа толған 304 815 баланың БЖЗҚ-дағы мақсатты жинақ шоттарына әрқайсысына 100 доллардан түскен. Олар кәмелеттік жасқа толған бойда мақсатты жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім беру ақысын төлеуге жұмсауға құқылы.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы басталған алғашқы 9 күнде БЖЗҚ-ға 100-ге жуық өтініш келіп түскен. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында «БЖЗҚ» АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов айтты.
«2024 жылы 18 жасқа толған 304 815 баланың БЖЗҚ-дағы мақсатты жинақ шоттарына әрқайсысына 100 доллардан түскен. Олар кәмелеттік жасқа толған бойда мақсатты жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім беру ақысын төлеуге жұмсауға құқылы», – деді спикер.
Бұл алғашқы есептеулер болды. Қаржы көлемі Ұлттық қордың ұлғаюы мен инвестициялық кірістің түсуіне байланысты жыл сайын өсетін болады.
Осылайша, бағдарлама жүзеге асырыла бастаған тоғыз күн ішінде БЗЖҚ-ға 100-ден астам өтініш келіп түсті. Оның 54-і білім беру ақысын төлеу, 49-ы тұрғын үй жағдайын жақсартумен байланысты. Өтініштердің 63-і орындалды. Уәкілетті операторларға белгіленген банк шоттарына төлемдер жүргізілді. 21-і қарастырылып жатыр, 19-ы қабылданбады.