Шарлапаев Қазақстандағы кен орындарын игеретін инвесторды АҚШ пен Канададан іздемек
2024 жылдың 27 ақпан мен 4 наурыз аралығында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бастаған делегация АҚШ пен Канадаға жұмыс сапарымен барады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлады.
Шарлапаев бастаған топ АҚШ-тан инвестиция тарту мақсатында ресми орган және ірі компания өкілдерімен келіссөз жүргізбек.
«Сапар шеңберінде АҚШ-тан Қазақстан Республикасының жер қойнауын игеру және барлау жұмыстарына инвестиция тарту мақсатында салалық ведомствалар және ірі америкалық компаниялармен кездесу жоспарланған», – деді ресми өкіл.
Сонымен қатар ресми делегация Канаданың Торонто қаласында өтетін PDAC 2024 көрмесінде Қазақстан павильонының ашылуына қатысады. Канададағы тау-кен компанияларымен байланыс орнату үшін «Қазақстан-Канада іскерлік кеңесінің» отырысына қатысады.
АҚШ – Қазақстанға ең көп инвестиция салған елдер қатарында. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 62 млрд доллардан астам инвестиция құйған.
2022 жылы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік жалпы инвестиция көлемі $28 млрд-ты құраған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 17,7%-ға артық ($23,8 млрд). Соның ішінде $5,1 млрд АҚШ-тың үлесіне келеді.
2022 жылғы көрсеткіш бойынша шетелдік капиталды тартуда аса белсенділік танытып отырған негізгі үш өңір. Олар: Атырау облысы – $8,2 млрд (+48%), Алматы – $7,57 млрд (+11%), Астана – $2,25 млрд (өсім – 2 есе).
Одан кейінгі орындарда ШҚО – $2,2 млрд (+3%), БҚО – $1,12 млрд (+7%), Алматы облысы – $698,2 млн (+47%), Ақмола облысы – $376,3 млн (өсім – 6,3 есе), Қызылорда облысы – $336,5 млн (+36%), СҚО – $105,7 млн (өсім – 3 есе) және Жамбыл облысы – $62 млн (өсім – 3 есе) тұр.
2023 жылы наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке экономиканың негізгі салаларына қомақты инвестиция, соның ішінде шетелдік инвесторларды тарту міндетін жүктеген.