Итальялық компания Жамбыл облысында өнеркәсіптік мақсатта ұлу өсіруді қолға алмақ
2024 жылдан бастап итальялық «Lumacheria Italiana» компаниясы Жамбыл облысында өнеркәсіптік мақсатта ұлу өсіруді қолға алуды жоспарлап отыр. Алғашқы кезеңде жобаға салынатын инвестция көлемі 2 млн еуродан асады.
Облыстық әкімдік хабарлауынша, әкімдік өкілдері компания басшылығымен кездесіп, Жамбыл облысындағы қолайлы климаттық жағдай өнеркәсіптік ұлуларды әлемдік нарық бағасынан 4 есе арзан өсіруге мүмкіндік беретінін талқылаған.
Жобаны әлемде ұлу өндірісінен көш бастап тұрған «Lumacheria Italiana» компаниясынан бөлек қазақстандық «Meragro» компаниясы іске асырады. Итальяндық компания жобаны бірнеше кезеңге бөлуді ұсынған. Облыс аумағында ұлулар өсіруді жолға қою, инкубатор салу, олар үшін жем-шөп өндірісін бастау және ұлу етін өңдейтін кәсіпорын салу кезеңдерін қарастырып отыр.
Ұлуларды қайда қолданады?
Ұлулар шығаратын қабық пен кілегей шырыш косметологияда қолданылады. Ал ұлу еті – бұл ерекше өнім және ол әлем елдерінде үлкен сұранысқа ие.
Айта кетейік, Жамбыл облысы Орталық Азия бойынша ұлуларды алғаш рет өнеркәсіптік өсіретін өңір атанбақ.
Еске сала кетейік, 2023 жылы мамырда қытайлық Wanlin Group Limited компаниясы пияз өндірісі бойынша көшбасшы Жамбыл облысында дегидрацияланған көкөністер шығаратын зауыт салуға ниет білдірген. Компания президенті Ли Янтао жобаны 5 жыл ішінде үш кезеңде жүзеге асыру жоспарланып отырғанын айтқан. Ал инвестициялардың жалпы көлемі 30 млн долларды құрайтын болған. Инвестор Жамбыл облысының үш ауданында пиязды отырғызып үлгерді, қазір пилоттық егінді сынау нәтижелері күтіліп отыр. ҚХР-да Wanlin Group Limited компаниясының дегидрацияланған көкөністер өндіретін екі ірі зауыты бар. Өнімдер негізінен АҚШ пен Еуропаға экспортталады. Компания Nestle, Unilever, Kerry және басқа ірі компаниялармен серіктес.