Көмір шахтасындағы қайғылы оқиғаларға жарылыс, өрт пен газ себеп: Qarmet-тегі аудиторлық тексеріс нәтижесі жарияланды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Qarmet-тегі аудиторлық тексеріс нәтижесі жарияланды. Фото: t.me/qarmet_news

Қазіргі – Qarmet, бұрынғы «АрселорМитталТеміртау» көмір департаментінің қызметіне жүргізілген аудит қорытындысы жарияланды. Зерттеу-зерделеу нәтижесінде, 2021 жылдан бері шахтадағы қайғылы жағдайлардың 95%-на кен орнындағы жарылыс, өрт пен газ таралуы себеп болғаны анықталған. Одан бөлек, аудиторлар кәсіпорынға салынған инвестиция да тиімсіз және бірыңғай еңбек стандарты жоқ екенін айтады.

Халықаралық Boston Consulting Group компаниясы былтыр желтоқсан айынан бері Qarmet-тегі көмір өндірісіне аудит жүргізді. Сарапшылар кеншілердің жұмыс жағдайына жүргізген аудит қорытындысы бойынша компания басшылығына бірқатар ескертпе берген. Олардың қатарында бұған дейінгі жылдары өзектілігі жоқ технологиялық жабдықтарды сатып алуға бағытталған тиімсіз инвестиция, шахталарда еңбек жағдайы бірыңғай стандартының болмауы және т.б. бар.

Аудиторлар кәсіпорынды жаңғырту бойынша кешенді жұмыс жүргізуді ұсынған. Ол жүйені бүкіл нысандарда орнатудан бастау қажет.

«Жүйелерді басқару үшін өндіріс деректерін шоғырландыру тиімділігін арттыруға және геокеңістіктер сияқты сыртқы факторларға жауап беруді жеделдетуге мүмкіндік беретін орталық диспетчерлік қызметті құру ұсынылады», – делінген хабарламада,

BCG аудиті негізінде, шахталарды жаңғыртудың 2028 жылға дейінгі кешенді іс-қимыл жоспарын айқындайтын жұмыс тобы құрылған. Негізгі мақсаты – еңбек өнімділігі мен қауіпсіздігін арттыру үшін үздік халықаралық тәжірибені енгізу.

ArcelorMittal Temirtau компаниясында болған ірі апат салдарынан тамызда – 11 адам қайтыс болды. Ал қазанда – 46 кенші қаза тапты. Бұған дейін министр Қанат Шарлапаев «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы Қазақстанда жұмысын жалғастыруы үшін инвесторын ауыстыру шарт емес екенін айтқан. Қайғылы оқиға болған күні «АресорМиттал Теміртаудың» меншік құқығы заңды негізде Қазақстанға берілетінін мәлімдеді. Ал президент ArcelorMittal инвесторын ел тарихындағы «нашар инвесторға» балап, бұл компаниямен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

8 желтоқсанда үкіметте өткен жиында Өндіріс және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ArcelorMittal Temirtau компаниясының жаңа акционерін жария етті. Ол жаңа инвестор Allur автоконцерні директорлар кеңесінің басшысы және акционері Андрей Лаврентьев екенін айтты. 

Қанат Шарлапаев жаңа акционердің не үшін таңдалғанын түсіндіріп және ArcelorMittal Temirtau-ға «Қармет» атауы қайтарылатынын мәлімдеді.

Жаңа инвестор Qarmet кәсіпорнының қызметін тұрақтандыруға 28,6 млрд теңге жеке инвестиция тартты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды металлургиялық комбинатының жаңа иесіне қатаң талап қойылатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз