Кремль Тоқаев пен Путиннің телефон арқылы сөйлескенін хабарлады

Жарияланды (жаңартылды )
Кремль
Кремльдің баспасөз қызметі екі президенттің 21 ақпанда талқыланған мәселелерді пысықтағанын хабарлады / Фото: Акорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин телефон арқылы сөйлескен. Бұл жайлы Кремльдің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша Тоқаев Ресей президентінің Федералдық Жиналыста жасаған Жолдауына қатысты пікір білдірген.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің Федералдық Жиналыста Жолдауының мазмұнды, бағдарламалық сипатын ерекше атап өтті. Ресей мен Қазақстан арасындағы одақтастық және стратегиялық әріптестік қарым-қатынастарын жан-жақты нығайтуға өзара бейілділік расталды»,  – делінген баспасөз хабарламасында.

Сонымен бірге екі тарап 2024 жылғы 21 ақпанда Қазан қаласында өткен кездесуде көтерілген мәселелерді талқылаған. Атап айтқанда, сауда-экономикалық, көлік-логистика және энергетика салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға баса назар аудара отырып, екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланған.

Еске сала кетсек, 21 ақпанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақтың ойындары» мультиспортты халықаралық турнирінің ашылу салтанатында Владимир Путинмен кездескен. Кездесу барысында Қазақстан Президенті алдағы сайлауда Путиннің жеңіске жететініне күмән келтірмейтінін айтты.

«Біз бәріміз Ресейде 17 наурызда өтетін президент сайлауын күтіп отырмыз. Түпкілікті нәтиженің ойдағыдай боларына күмәніміз жоқ. Өйткені Ресей Сіздің беделді басшылығыңызбен таңқаларлық табысқа қол жеткізіп келеді. Шын мәнінде, сіз өз мәлімдемелеріңізбен, іс-әрекетіңізбен жаһандық күн тәртібін қалыптастырасыз. Бұл біздің ынтымақтастығымызға және сіздің былтыр қараша айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Менің ойымша, қос тарап, екі елдің үкіметтері аталған уағдаластықтарды табысты жүзеге асырып жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар», – деді президент.

Сонымен бірге Қазан қаласында алғаш рет өтетін «Болашақтың ойындары» халықаралық турнирінің ашылу рәсіміне шақырғаны үшін алғыс айтып, бұл ойындарды Қазақстанда өткізуді ұсынған болатын.

Президенттің осы сапары барысында «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы бірқатар құжаттарға қол қойды. Осы сапары кезінде «Татнефть» ЖАҚ қазақстандық Karaton Operating Ltd жеке компаниясының 50% акциясын сатып алу туралы келісімшарт жасалды.

Шарт негізінде екі жақты компаниялар 2024 жылы «Қаратон Подсолевой» учаскесінде геологиялық барлауды бастайды. Осылайша қос тарап Атырау облысындағы «Қаратон Подсолевой» жер қойнауы учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін бірлескен кәсіпорынның негізін қаламақшы.

«Татнефть» Атырау облысында бутадиен және одан өнім өндіруге бағытталған мұнай-газ химиясы саласындағы стратегиялық инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Ал енді аталған кәсіпорын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен Қазақстанның батыс өңіріндегі көмірсутегі қорларын барлау және өндіру жобалары аясында ынтымақтастық орнатып, қатты пайдалы қазбалар кенін бірлесе игеру ісіне атсалысады.

Сондай-ақ оқыңыз