Мерекелік демалыстарда қандай кинопремьераларға баруға болады?
Алдағы демалыс күндері кинотеатрда біршама жаңа фильм прокатқа шығады. Ticketon.kz сайтының ақпаратына сүйеніп, кинопремьераларды тізіп шықтық.
«Анашым»
Фильмде бір-біріне мүлдем ұқсамайтын төрт әйелдің өмірі баяндалады. Көрермен бір күліп, бір мұңаяды.
Қалада табысты бизнестің иесі Жанна туған ауылындағы жер телімі мен мал мұрагері болып шығады. Гүлзия апайдың мұраты жұмыс деп жан-жаққа шашыраған бала-шағасының басын қосу. «Әркімнің тағдыры жазған қосағы бар дейді, мен болсам әлі жалғызбын. Мүмкін менің жұбым адасып кеткен шығар, әлде мен адастым ба екен» деген Айжан махаббатын күтуден шаршаған сыңайлы. Жанат бір кезде арманшыл жан еді. Қазір оның арманы да, күш-қуаты мен қамқорлығы да тек балалары мен төрт түлік малы төңірегінде.
Фильм қашықтағы ауыл мен қала өмірін байланыстырады. Режиссерлары – Назар Шархан, Данияр Амангелдиев, Әнуар Бекмұрзаев. Басты рөлдерді Назар Шархан, Моника Әбдірахманова, Нұржамал Әбілқиясқызы, Марлен Арымбай сомдайды. Жанры – драма, комедия.
«Өткен өмір» («Прошлые жизни»)
Фильм бала күнінен ең жақын досына ғашық Нора жайында. Бірақ Нора туған қаласынан кеткенде екеуі хат-хабарды үзеді. Кейін Нора күйеуге шығып, табысты жазушыға айналып, Нью-Йоркке көшеді. Өмір ойдағыдай өтіп жатқан. Бір күні Нора әлеуметтік желіде алғашқы махаббатынан хат алып, тынышы кетеді. Оны көрмегеніне 20 жыл болған еді.
Фильмді АҚШ шығарған, режиссеры – Селин Сон. Жанры – мелодрама. Басты рөлдерді Грета Ли, Тео Ю, Джон Магаро, Мун Сын-а ойнайды.
«Алматы, мен сені сүйем»! («Алматы, я люблю тебя!»)
Фильм алты новелла арқылы баяндалып, түрлі оқиғаны көрсетеді. Әр оқиғаның кейіпкері ауысып отырады. Олардың әрқайсы түрлі жағдай мен өзгеріске тап болады. Әйтсе де, новелла сан алуандығына қарамастан, олардың ортақ мәні бар – қандай оқиға болса да, Алматы өз қаһармандарының жүрегінде мәңгі сақталады.
Фильмдегі кейіпкерлер бізге Алматыдағы өмірдің түрлі қырын көрсетеді – махаббаты үшін күрескен жұптардан бастап, табысқа ұмтылған бизнесмендерге дейін, жақсы өмірді армандайтын жастардан бастап, жоғалту мен өзін-өзі танудағы қарт адамдарға дейін. Алматы олардың оқиғасының фонына ғана емес, олардың тағдырына да әсер етіп, жүрегінде ұмытылмас із қалдыратын басты кейіпкерге айналады.
Фильмнің режиссерлары – Алдияр Байракимов, Ален Ниязбеков, Айгүл Ақсамбиева. Басты рөлдегі актерлар – Альмира Тұрсын, Төлепберген Байсақалов, Қуаныш Жылжақсынов, Ақниет Беласарова. Фильмге 12 жастағы балалардан бастап кіруге болады.
«Жын өлтіруші: Бағандарды жаттықтыру» («Истребитель демонов: Тренировка столпов»)
Бұл фильм темір ұсталар ауылындағы оқиғалардан кейін нағыз хашираға айналуға ұмтылған Танджироның оқиғасын жалғастырады. Ол шеберлігін шыңдап, жаңа сынақтарға дайындалу үшін Хашира Гюмей Химедзима таспен бірге оқуға барады.
Бірақ бұл кезде жын патшасы Музан Кибутсуджи мен оның соңғы үш адал жыны – Аказа, Дома және Кокушибо – Незуко мен Убуяшики отбасын іздей бастайды. Тандджиро өзінің және бүкіл адамзаттың тағдырын өзгертетін өлімге әкелетін қақтығысқа дайындалып жатқанда оған қауіп төніп, қара күштерге тап болады.
«Кунг-фу Панда-4»
Бұл – көрермен көптен күткен сүйікті анимациялық франшизаның жалғасы. Бұл бөлімде По мен оның достары әлемге қауіп төндіретін жаңа ежелгі зұлымдыққа кезігеді.
По қызық саяхатқа аттанады, онда ол зұлымдарды жеңіп, туған қаласын қорғау үшін кунг-фу дағдыларын қолдануы керек. Фильм әзілге, достыққа және өзін-өзі тануға толы. Көрерменді жаңа кейіпкерлер, эпикалық шайқастар мен ұмытылмас сәттер күтіп тұр.
Фильмді АҚШ пен Қытай бірігіп шығарған. Режиссерлары – Майк Митчелл, Стефани Стайн. Басты рөлдерді Сет Роген, Жек Блэк, Анжелина Жоли, Жеки Чан сомдайды.