Оңтүстік өңірлерде ашылатын орыс мектептеріне Ресейден педагогтар шақырыла ма – СІМ жауабы
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров еліміздің оңтүстік өңірлерінде салынатын орыс мектептеріне кадр тарту мәселесіне қатысты сауалға жауап берді. Айта кетейік, әлеуметтік желілерде бұл мәселе қызу талқыланған болатын. Желі пайдаланушылары ресейлік педагогтар шақырылатыны туралы ақпаратқа наразылық білдірген еді.
Айбек Смадияров көрші мемлекеттің есебінен салынатын мектептерде ресейлік педагогтер жұмыс істемейтінін мәлімдеді.
«Мектеп салынатыны рас. Өздеріңіз білесіздер екі ел басшылары сапарлар кезінде талай талқылады. Бірақ мұғалімдерді алып келетіні немесе басқа педагогтер келеді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Өйткені ол жалған ақпарат. Ресей тарапы бұл мәліметтерді өз сайттарынан өшіріп жатыр. Жалған болып шықты», – деді СІМ ресми өкілі кезекті баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Қостанайда өткен Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук Қазақстанның оңтүстігінде 3 орыс тілді мектеп салу мәселесі талқыланғанын мәлімдеген болатын. Ол барлық деңгейдегі ынтымақтастықты жандандыру және жұмысты бірлесіп атқару үшін орыс тілі қажет екенін айтқан.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздің оңтүстігінде салынатын орыс мектептеріне қатысты пікір білдірген. Ол жобаны Ресей қаржыландыратынын мәлімдеген болатын.
Ғани Бейсембаев еліміздегі кез келген мектепте Қазақстанның стандарттары қатаң сақталатынын алға тартқан. Министр еліміздің оңтүстігінде салынатын мектептер орыс тілінде білім беретінін, ата-аналардың ешқайсы балаларының көп тіл білгеніне қарсы болмайды деп ойлайтынын жариялаған.
Сондай-ақ дүйсенбі күнгі жиында ресми өкіл Шри-Ланка ауруханасында көз жұмған қазақстандық жасөпірімге қатысты ақпарат берді. Айбек Смадияров марқұмның денесін елге жеткізу бойынша әуе компнаиясымен келіссөз жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«10 наурызда біздің Үндістандағы елшілікке Қазақстан азаматтары хабарласты. Олардың кәмелетке толмаған 16 жасар ұлы Шри-Ланканың бір ауруханасында жатыр деген ақпарат келіп түсті. Ол ақпаратты тексергеннен кейін, 5 наурызда жасөспірім серфингпен айналысып жүріп суға батып кеткен. Жансақтау бөлімінде 10 наурызға дейін 5 күн жатты. Сол 5 күннің ішінде, әрине, дәрігерлер қолдарынан келгеннің барлығын жасады. Бірақ ,өкінішке қарай, жаңағы бала қайтыс болды», – деді Айбек Смадияров.
Ресми өкілдің айтуынша, Қазақстан консулы қазір көз жұмған жасөспірімнің ата-анасымен байланыста.
«Барлық құжаттар рәсімделіп жатыр. Сонымен қатар оның денесін Қазақстанға жеткізу үшін арнайы әуе компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Марқұм болған баланың анасы-қазақ, әкесі шетелдік азамат. Бірнеше жылдан бері Шри-Ланкада тұрады», – деді СІМ ресми өкілі.