Қырғызстан президенті БАҚ туралы заң жобасын кері қайтарып алды
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров БАҚ туралы заң жобасын кері қайтарып алды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов мәлімдеді.
Заң жобасы Жогорку Кенеш депутаттарының қарауында болған. Жапаров заңды кері қайтару туралы шешімді 7 наурыз күні БАҚ басшыларымен кездесуден кейін қабылдаған.
«Отырыс қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің ақпаратын тыңдап, осы заң жобасына қатысты олардан түскен ұсыныстар ескерілді. Осыған орай президент Садыр Жапаров заң жобасын пысықтауды тапсырды», – деді Алагөзов.
БАҚ қызметін реттейтін бұл заң жобасын Қырғызстан президентінің әкімшілігі әзірлеген. Заң жобасы интернет ресурстарына мемлекеттік бақылауды кеңейтуді көздейді. Сонымен бірге «адамгершілік» пен «денсаулыққа» қатысты терминдер негізінде кез-келген интернет-ресурсының мазмұнын шектей алады.
Аталмыш заң жобасын қабылдауға, “Институт медиа полиси» сарапшылары мен қырғыз омбудсмені Жәмиля Жаманбаева, бірқатар парламент депутаттары және халықаралық ұйымдар қарсылық білдірген. Институт сараптамасында заң жобасы Қырғызстан Конституциясының нормаларына және халықаралық шарттарға қайшы келетіні айтылған.
Еске сала кетсек, осыған дейін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қырғызстан Парламентінде қаралып жатқан «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» заң жобасына қатысты алаңдаушылық білдірген. Өз кезегінде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров АҚШ Мемлекеттік хатшысына Қырғызстанның ішкі істеріне араласпауды сұрады.
Ол Блинкен мәлімдемесінде Қырғызстан ішкі істеріне араласу белгілері бар екенін атап өтті.
Блинкен тілге тиек еткен заң жобасы Қырғызстанда жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға бақылауды күшейтуді көздейді. Сондай-ақ оларды шетелдік көздерден қаржыландыруды шектейді. Құжатты ел парламенті бірінші оқылымда қабылдады. Жапаровтың айтуынша, Қырғыз мемлекеті осы коммерциялық емес ұйымдарға қаржының қайдан келетінін, қалай, қандай мақсаттарға жұмсалатынын бақылауға ниетті.
Бұдан бөлек, қырғыз президентінің айтуынша, заң жобасы ҮЕҰ мен БАҚ қызметінің ашықтығын және олардың салық органдарына есеп беруін қамтамасыз етуді көздейді.
Айта кетейік журналистер қауымының қарсылығын туғызған Масс-медиа туралы заң жобасы Қазақстан парламентінде де қаралып жатыр. БАҚ өкілдері Заң жобасына енгізілген жаңа түзетулер сөз бостандығы жағдайын нашарлатып, Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ-тардың жабылуына алып келетінін айтады. Журналистер Масс-медиа туралы Заң өзгермесе, президентке ашық хат жазып, вето жариялайтынын мәлімдеді.