Тоқаев Қазақстанда жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылатынын мәлімдеді 

Жарияланды
 әлеуметтік осал топтағы
Тоқаев әлеуметтік осал топтағы жандар үшін ипотекалық жеңілдіктер беруді ұсынды / Фото: kursiv.media

Ұлттық құрылтай барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа тұрғын үй бағдарламасы туралы айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы пайда болады. Сонымен бірге ол үйлерді алатын әлеуметтік осал топтағы жандар үшін несие мөлшерлемесі 7 пайыздан аспайтын болады. Бұл жайлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда болған ұлттық құрылтайда айтты.

«Баспана – жұрттың  тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш. Биыл 1 наурыздан бастап іске қосылған «Отау» ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұған қоса ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын», – деді президент.

Мемелекет басшысы жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттыра түсетінін айтты. Сонымен бірге құрылыс саласында жүз мыңдаған қазақстандық адал еңбек етіп жүргенін, бұл бағдарламаның сондай баспанаға мұқтаж көптеген адамның үй алуына жол ашатынын атап өтті.

«Ұлттық құрылтайда біз мәдени-гуманитарлық саланың және идеологияның жаңа бағдарын айқындаймыз. Осының бәрі ұлттық бірегейлігімізді нығайту және елімізді қарқынды дамыту үшін өте маңызды. Дегенмен, өзгерістердің басты мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Сондай-ақ әр азаматтың жан-жақты дамуына жағдай жасау. Осыған орай экономиканы дамытатын жаңа мүмкіндіктерді үнемі іздеп отыру керек. Бізге әжептәуір мультипликативтік нәтиже беретін жобалар қажет», – деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін Үкіметке ауқымды төрт инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыруды тапсырды.

«Ең алдымен, қазір жұмыс істеп  тұрған 55 жылу орталығын толығымен жөндеу қажет. Ұзындығы кемінде 6,5 мың шақырым болатын инженерлік жүйені жаңғырту керек. Бұл қадам азаматтар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін коммуналдық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді.

Еске сала кетсек, президент құрылтайда қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастағанын, елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтты.

«Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек», – деді ол.

Сонымен бірге мемлекет басшысы елтаңбаның Кеңес заманындағы Гербке ұқсайтынын, ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құрылып, оны өзгерту мүмкіндігі қарастырылатынын айтты.

«Біздің Көк туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді»,- деген президент Ұлттық Елтаңбамыздың көп сынға ұшырайтынын, оны тіпті Кеңес заманындағы гербке ұқсатып жататынын, «тым эклектикалық, күрделі» екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз