Өзбекстан азаматтары уақытша есепке тұрмай, Қазақстанда 30 күн жүре алады
Мемлекет басшысы «2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Құжатта тараптар азаматтарының өзге елде болу кезеңі шекарадан өткен сәттен бастап 30 күннен аспаса, онда сол елдің аумағында құзыретті органдарда тіркелмей болудың оңайлатылған тәртібі көзделіп отыр. Осылайша, екі мемлекет азаматтардың өз аумақтарында уақытша тіркеусіз жүрудің мерзімін 5 күннен 30 күнге дейін ұлғайтты.
Заңның мақсаты – екі мемлекет арасындағы достық қатынастарды одан әрі дамыту. Сонымен қатар олардың азаматтарының сапарларын реттеу. Сондай-ақ бір мемлекет азаматтарының екінші мемлекеттің аумағында болуы үшін қолайлы жағдайлар жасау үшін құқықтық негіз құру болып табылады.
2023 жылы Қазақстанға 46 мың өзбек мигранты кірген
Депутаттар Өзбекстан азаматтарының елімізде арнайы тіркеусіз жүру жағдайлары жиі кездесетінін алға тартты. Олар осы келісім шеңберінде 30 күндік мерзімнен артық тұрған көрші ел азаматтарына қандай шаралар қолданылатынын сұрады. Министр 30 күн өткеннен кейін тіркеуге тұрмаған шетел азаматтарына заң талаптарына сай шаралар қолданылатынын айтты.
«Егер 30 күннен асып кетсе, Өзбекстан азаматы жауапкершілікке тартылады. Мигранттарға қатысты рейдтік тексерістер жүргізіп отырамыз. Егер рұқсат етілген мерзімнен 10 күнге дейін полиция хаттама толтырады. Ал егер одан 10 күн асып кеткен болса, оны сот шешеді. Сот айыппұл салуы және елден мәжбүрлеп шығару туралы шешім қабылдауы мүмкін. 30 күн асты ма, азамат міндетті түрде елден шығуы тиіс»,– деді министр.
Осы орайда депутат Ерболат Саурықов шетелдік паспорт мәселесін қозғады. Яғни бүгінде қазақстандықтар шетелдік паспорт жасату үшін қомақты қаражат төлеуге тиіс. Балаға паспорт жасату үшін де біршама қаражат керек. Осы орайда қазақстандықтардың Өзбекстанға отбасымен сапарлауы қымбатқа түспекші.
«Хаттама шеңберінде жеке басты куәландыратын ішкі құжаттарды өзара тану мәселесі қарастырылмаған. Көрші елге бару шетелдік құжатты талап етеді. Ол дегеніміз – қосымша шығын. Еске сала кетсек, осы жылдың бірінші қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы азаматы 16 жасқа дейінгі балаға көлемі 24 беттен тұратын паспортты алу үшін 14768 теңге төлейді, ал 48 беттен тұратын ересектер паспорты үшін 44 мың теңге төлейді. Сонда отбасында 3-5 баласы бар орташа қазақ отбасы Өзбекстанға бару үшін 133-163 мың теңге арасында шығынға ұшырайды. Жалпы келісімде Қазақстан азаматтарының жеке куәлігі немесе балалардың туу туралы куәлігін шекарадан өту құжаты ретінде тану мүмкіншілігі қарастырылған ба?», – деп сұрады СІМ өкілінен.
СІМ өкілі екі тараптың ішкі құжаттарды шекардан өту құжаты ретінде тану туралы келісімге келмегенін айтты.
Ал депутат Мұрат Әбенов Өзбекстаннан келген азаматтардың елімізде заңсыз таксиде және басқа да салаларда жұмыс істеп жүргенін тілге тиек етті.
«Олардың қызметін заңдастырып, салық төлеп, жұмыс істеуіне осы келісім шеңберінде жағдай жасауға бола ма?», – деп сұрады.
ІІМ басшысы өз кезегінде министрліктің алдағы уақытта заңнаманы жетілдіру мәселесін қарастыратынын айтты.
Еске сала кетсек, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналым 4,4 млрд долларға жеткен. Бұл жайлы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің бейресми кездесуі кезінде айтылды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі елдің тауар айналымы 4,4 миллиард долларды құраған.