Су тасқыны салдарынан үйлері жарамсыз деп танылғандардың барлығына уақытша баспана беріледі — Бектенов
Үкімет басшысы Олжас Бектенов су тасқыны салдарын жою шаралары жөнінде кеңес өткізді. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен тиісті министрлер тыңдалды.
Үкімет басшысы вице-премьер бастаған әлеуметтік блок министрліктеріне төтенше жағдайға тап болған тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.
Уақытша баспанамен қамтамасыз ету
«Су тасқыны басталғаннан бері 86 мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Қазіргі таңда уақытша орналастыру пункттерінде 8 472 адам тұрып жатыр. Эвакуациялау – уақытша шара. Үйлері тұруға жарамсыз деп танылған отбасылардың барлығын уақытша баспанамен қамту қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен бірге қоныс аударғанға дейін эвакуациялау пункттерінің жұмысын қолдауға ерекше көңіл бөлу тапсырылды. Әкімдіктер тұрғындарды сапалы азық-түлікпен, тиісті санитариялық-гигиеналық құралдармен, қолжетімді медициналық қызметтермен қамтамасыз етуі керек.
Өз кезегінде, эвакуациялау пункттерінен уақытша тұруға қоныстандыру процесі икемді болуы керек. Егер су тасқыны болып өткен өңірлерде тұрғындар үйлерінде қалуды қаласа, әкімдіктер тиісті көмек көрсетуі қажет. Сонымен бірге, ұрлық-қарлыққа жол бермеу үшін қараусыз қалған үйлер Ішкі істер министрлігінің бақылауында болады.
Білім беру
«Қазіргі уақытта еліміздің он өңірінде ТЖ режимі жарияланған. 130-дан астам мектеп қашықтан оқыту форматына көшірілді, бірақ эвакуация аймақтарындағы балалардың оқу процесі үзіліп қалды. Білім министрлігіне мектеп оқушыларын ағымдағы емтихандар мен сынақтардан босатуды тапсырамын. Сонымен қатар оларға жоғалтқан уақыттарының орнын толтыруға әрі қарай да көмектесу қажет» — деп атап өтті премьер-министр.
Сонымен қатар су тасқынының белсенді кезеңі аяқталғаннан кейін апатты аймақтардағы мұғалімдер мен оқушыларды техникалық құралдармен қамтамасыз ету мәселесін пысықтау тапсырылды.
Денсаулық сақтау
«Біз ТЖ режиміндегі өңірлердің кейбір тұрғындары эпидемиологиялық жағдайға алаңдайтынын, зардап шеккен халық арасында жұқпалы аурулардың өршуінен қауіптенетінін көріп отырмыз. Денсаулық сақтау министрлігіне мәселені ерекше бақылауда ұстап, тұрғындарды ақпараттандыруды тапсырамын. Өңірлерде су тасқыны жағдайы тұрақталғаннан кейін аумақтарды тазарту және дезинфекциялық іс-шаралар жүргізу, су құбыры жүйелері мен құрылыстарын, орталықтандырылмаған сумен жабдықтау жүйелерін тазарту және дезинфекциялау бойынша кешенді шаралар жүргізу қажет. Әкімдіктерге су жеткізу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша тапсырмалар берілді», — деді Үкімет басшысы.
Эпизоотиялық жағдай
Су басқан аймақтардағы эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Республикалық эпизоотияға қарсы жасаққа облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жануарлардың өлексесін жинау мен жоюды жедел аяқтау тапсырылды. Жою шараларын жүргізу үшін тиісті жабдықтар, қызметкерлер және қажетті дезинфекциялық құралдар қарастырылған.
Инфрақұрылымды қалпына келтіру
«Үйлердің құрылысы бойынша жеке тұрғын үйдің үлгілік жобасы әзірленуде. Сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын, атап айтқанда мектептер мен балабақшалар, ауруханалар мен емханаларды жөндеуге басымдық беру маңызды. Құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстау керек», — деді Олжас Бектенов.
«Пәрменді тетікті пысықтап, оны барлық өңірлерге жеткізуді тапсырамын. Екіұшты түсіндірулер болмауы керек. қоғам өкілдерін процеске тартудың арқасында ақшаға бақылау күшейтілетін болады», — деп түйіндеді премьер-министр.
Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі су тасқынынан бүлінген үйлердің орнына қандай баспана салынатынын хабарлаған еді. Министрліктің ресми өкілі Меруерт Ибраеваның айтуынша су тасқыны салдарынан бүлінген баспаналардың орынына 80 және 160 шаршы метрлік үйлер салынады.
«8 сәуірде Мемлекет басшысы табиғи апаттан зардап шеккен азаматтар үшін тұрғын үйлерді қалпына келтіруді тапсырған еді. Осы тапсырма шеңберінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде жедел штаб құрылып, жаңа тұрғын үй салуды көздейтін кешенді іс-қимыл жоспары әзірленді«, – деді министрлік өкілі ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Меруерт Ибраева осы жоспар аясында тұрғын үйлердің екі эскиздік жобасы әзірленгенін мәлім етті.
«Біріншісі, 80 шаршы метрлік 3 бөлмелі жеке тұрғын үй. Екіншісі, жалпы ауданы 160 шаршы метр болатын 2 пәтерлі тұрғын үй. Әзірленген тұрғын үйлердің алдын ала жобалары мемлекеттік сараптамадан өтеді, бұл барлық өңірлерде типтік жобалық құжаттама негізінде жұмыс жүргізуді қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс келесі аптаның соңына дейін аяқталып, үлгілік жобалар мемлекеттік сараптама қорытындысымен epsd.kz сайтында көпшілікке ұсынылатын болады», – деді ҚР ӨҚМ ресми өкілі.
Оның сөзінше, министр Қанат Шарлапаев аймақтық және республикалық ірі құрылыс компанияларының өкілдерімен кездескен. Онда ведомство басшысы ресурстарды шұғыл жұмылдыруды және құрылысты тез арада бастап кетуді сұраған. Сондай-ақ әкімдіктер су деңгейі әлі толық төмендемегеніне қарамастан, зардап шеккен үйлерге қажетті қалпына келтіру жұмыстарының көлемін бағалау үшін техникалық тексеру жүргізіп жатыр.