Тоқаев халықты Ораза айт мейрамымен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты халықты Ораза айт мерекесімен құттықтады. Бұл жайлы Ақорданың телеграм арнасында жазылған.
«Қадірлі отандастар! Баршаңызды Ораза айт мейрамымен құттықтаймын! Бұл – мұсылман қауымының ерекше ықыласпен қарсы алатын ұлық мерекесі. Қасиетті Рамазан айында жұрт адамгершілік құндылықтарға баса мән береді, рухани тазаруға ұмтылады. Мұқтаж жандарға қол ұшын созып, айналасына қайырымдылық көрсетеді. Отыз күн оразадағы сабыр мен қанағатқа негізделген игі амалдың бәрі Айт мерекесінің шынайы болмысын айшықтай түседі. Ата дініміз адамзатты татулық пен тыныштыққа, қамқорлық пен мейірімділікке, жанашырлық пен жасампаздыққа үндейді. Адал еңбек етіп, адал табыс табуға шақырады. Мұның барлығы, түптеп келгенде, бүкіл еліміздің ырысты ынтымағын арттыруға ықпал етеді. Халқымыздың салт-дәстүрі Ислам дінінің, Рамазан айының және Айт мейрамының ұлағатымен ұштасып жатыр. Бұл сабақтастық берекелі бірлігімізді нығайтып, әділетті қоғам құру жолында маңызды рөл атқарады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әр шаңыраққа бақ-береке және толағай табыс тілеймін! Айт қабыл болсын, ағайын!», – делінген құттықтау хабарламасында.
Ораза айт мерекесі қасиетті Рамазан айындағы оразаның аяқталуына орай тойланады.
Ораза айт – мұсылмандардың маңызды мерекелерінің бірі. Оның мағынасы жақсы істер жасап, ренжіскен адаммен татуласып, оның шаңырағына барып, жақсылық тілеу. Айт намазы басталғанға дейін мұсылман қауым мешіттерде пітір-садақа төлей алады.
Ораза айт үш күн аталып өтіледі. Мұсылман қауым үш күн бойы үйде дастархан жайып, тілек білдіріп келген адамдармен бірге ниет етеді. Өздері де өзге адамдардың үйіне барып, оларға ізгі тілектерін айтады. Бұл күндері қайтыс болған адамдарды еске алып, олардың рухына құран бағышталады.
2024 жылы Рамазан айы 11 наурызда басталып, 9 сәуірде аяқталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 640 теңге болып бекітілген.
Еске сала кетсек, мүфтият уақыт белдеуінің ауысуына байланысты 1 наурыздан бастап намаз уақыты өзгеретінін хабарлады. ҚМДБ UTC (Дүниежүзілік үйлестірілген уақыт) +5 уақытына ауысқан сәтте намаз уақыттары да автоматты түрде өзгеретінін, түзетілген намаз кестесі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында жарияланды.
2024 жылы Арапа күні 16 маусымға түссе, қасиетті Құрбан айт мерекесі 17 маусым күні басталады. Ал Мұхамед Пайғамбар туған күні саналатын Мәуліт мерекесі 14/15 қыркүйекке келеді.