Ақтөбе өңірін қалпына келтіруге жергілікті бюджеттен 10 млрд теңге бөлінеді

Жарияланды (жаңартылды )
Ақтөбе
Ақтөбе өңірін қалпына келтіруге аудан резервтерінен де қаражат бөлінеді / Фото: kursiv.media

Су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе өңірін қалпына келтіруге жергілікті бюджеттен 10 млрд теңге қаражат бөлінеді. Бұл жайлы Ақтөбе облыстық мәслихатының кезектен тыс он екінші сессиясында  айтылған.  

Мәслихатта облыстың Әйтеке би, Қобда және Ойыл ауданындағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен 877 отбасыға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілетіні айтылған. Сондай-ақ облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасына 316 млн теңге қаржы бөлінбек.

Қалған аудандар бойынша мұқтаж отбасыларға әлеуметтік көмек аудандардың ішкі резервтері есебінен көрсетіледі. Жалпы облыс бойынша 2 800 отбасыға 1 млрд теңге көлемінде қаражат бағытталған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына қаржылай өтемақы төленеді. Қазір облыста тұрғындардың келтірген шығынын есептеп, өтемақы төлеуге өтініштерді қабылдайтын арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Су тасқынының салдарын жоюға да барлық күш жұмылдырылған. Облыстағы барша жанашыр азаматтар жұмылып, бір-біріне көмек қолын созып жатыр. Жағдай бірте-бірте тұрақталып келеді. Біз барлығын қалпына келтіреміз. Алдағы уақытта жолдар, көпірлер жөнделеді, ауыл тұрғындарының баспаналы болуына барлық жағдай жасалады», – деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

Еске сала кетсек, Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі өңірдің судан зардап шеккен халқына 162,7 млн теңге бір реттік төлем берілгенін хабарлады. Ақтөбе және Әйтеке би ауданының тұрғындары үшін бұл төлем мөлшері 300 мың теңгені құрайды. Қалған аудандардың тұрғындары үшін бұл төлем 369 200 теңгені құрайды. Бүгінгі күнге барлығы 1026 өтінім қабылданып, жалпы сомасы 162,7 миллион теңгеден асатын 504 отбасыға төлем жасалған.

Ал Қостанай облысында да судан зардап шеккендерге бір реттік төлем беріле бастаған. Өңір әкімдігі 114 млн теңгеден аса қаражатты 620 отбасыға берген.

Айта кетсек, Үкімет тасқын судан зардап шеккендерге өтемақы беру алгоритмін әзірледі. Алгоритмге сәйкес шығынды өтеуге тұрғындар апат басталған күннен бастап, 30 күн ішінде өтініш білдіруі керек.

Әкімдік өтініш тіркелген бастап 10 жұмыс күні ішінде бағалаушыны тарта отырып, келтірілген залал мөлшерін бағалайды. Жәбірленуші бағалау жүргізілетін уақыт пен орынды анықтайды. Кейін жәбірленушіге бағалау туралы есеп танысуға беріледі.

Әкімдік бағалаушы қорытынды шығарғаннан кейін 30 жұмыс күні ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның және облыстық маңызы бар қаланың бюджетін атқару жөніндегі уәкілетті органмен келісілген мөлшерде қаражат бөлу туралы шешім қабылдайды.

Мұндай шешім шыққан соң, зардап шеккендерге күнтізбелік 30 күн ішінде төленеді.

Сондай-ақ оқыңыз