Арқалықта АН-2 ұшағы суға құлады, оның бортында жүрек миокардасымен ауыратын науқас болған

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Апатқа ұшыраған АН-2 ұшағы науқас адамды тасымалдаған / Фото:Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы

Арқалықта аударылып суға қонған санитарлық авиация бортында миокард инфарктісімен ауыратын науқас болған. Осылай деп мәлімдеген Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы бір күн бұрын болған ұшақ апатына қатысты түсініктеме беріп, жағдайдың қалай болғанын баяндады.

Ведомство мәліметінше, 3 мамырда сағат 09:04-те медициналық авиацияның электронды поштасына миокард инфарктісі диагнозымен 1964 жылы туған пациентті тасымалдауға өтінім түскен.

«Науқасты «Қостанай облыстық ауруханасы» КМК-на тасымалдау мақсатында сағат 16:09-да құрамында екі ұшқышы, дәрігер мен фельдшері бар санитарлық авиация бригадасы Арқалық қаласы бағытында ұшты. Болжамды себеп бойынша, ұшу кезінде екпінді желдің салдарынан санавиация борты аударылды», – делінген хабарламада.

Басқарма өкілдері пациент еш жарақатсыз Арқалық өңірлік ауруханасына жеткізілгенін, қазір ем алып жатқанын мәлімдеді.

«Сонымен қатар жарақат алмаған санитарлық авиация бригадасы аурухананың медициналық персоналының қадағалауында және бақылауында. «АК НАВИГАТОР» ЖШС-мен медициналық авиация желісі бойынша авиациялық қызметтерді сатып алуға арналған шартқа отырғандығын қосымша хабарлаймыз», – делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Айта кетейік, бір күн бұрын Қостанай облысының Арқалық пен Ақсұңқар арасында қатынайтын санитарлық ұшақ екпінді жел салдарынан аударылып кеткен. «Навигатор» әуе компаниясына тиесілі АН-2 ұшағы күндізгі сағат 16:09 уақытында әуеге көтерілген соң, күрт төмендеп, қар суынан пайда болған көлшікке қонарда төңкерілген. Әуе кемесінің бортында 2 экипаж мүшесі және 3 қызметтік жолаушы болған. Барлық жолаушы мен экипаж мүшелері Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті Арқалық қалалық ауруханасына жеткізілген. Зардап шеккендер болмады.

Айта кетейік, таяуда «Bek Air» ұшағының апатқа ұшырауына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Бас көлік прокуратурасы жариялаған ақпаратқа сүйенсек, полиция департаменті процесспрокурорымен келісе отырып, Алматы әуежайы маңында 2019 жылдың 27 желтоқсанында «Bek Air» компаниясына тиесілі «Fokker-100» ұшағының апатқа ұшырауы фактісі туралықылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттерінің аяқтаған.

Іс бойынша 4 мыңнан астам тергеу әрекеттері (2000 тексеру, 1350 жауап алу, 250 пікір алу), 150 сот-медициналық сараптама және арнайы зерттеулер жүргізілген.

Сондай-ақ бұған дейін депутат Асқар Садықов осы уақытқа дейін әуе ұшақтарында апаттық жағдайға дейін әкелген оқиғаларды жасырып келген Көлік министрлігінің жұмысын сынға алған болатын. Мәжілісмен авиациядағы әуе апаты мен қақтығыстарын тергеу жұмыстары дұрыс ұйымдастырылмағанын айтты. Депутат ұшақ апаттарын тексеруді ТЖМ-ге беруді талап еткен еді.

Сондай-ақ оқыңыз