Астанадағы пәтер құны бірінші рет Алматыдағыдан асып түсті

Жарияланды
Фото: kursiv.media

ҚР Ұлттық статистика бюросы осы жылдың сәуір айында еліміз бойынша тұрғын үй нарығындағы орташа бағаларды жариялады.

Бюро келтірген мәліметтерге қарағанда, жаңа тұрғын үйдің шаршы метріне қатысты ең қымбат баға Астанада (575 214 теңге) тіркелген.

Ал пәтерлерді қайта сату нарығында баға мынадай: Астанада бір шаршы метр үшін 629 762 теңге, Алматыда – 592 664 теңге және Атырауда – 422 095 теңге.

Ұлттық статистика бюросы келтірген мәліметтерге жүгінсек, биылға дейін еліміз бойынша ең қымбат пәтерлер Алматыда сатылып келген. Мәселен, былтыр тұрғын үй құны бойынша көш басында тұрған Алматыда 2 бөлмелі пәтер орта есеппен 35 миллион теңгеге сатылса, Астанада ондай пәтерлер 27 млн теңгеге, Шымкентте 15 миллион теңгеге саудаланған. Ал облыс орталықтары ішіндегі ең арзан пәтерлер Қызылордада сатылған.

Мамандардың айтуынша, Алматыдағы пәтер бағасының арзандауына биылғы жыл басында болған жер сілкінісінің әсері болған. Алайда бұл шаһарда баспананы жалға алу құны бұрынғыдай қымбат күйінде қалып отыр.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, наурыз айында тұрғын үй нарығында жаңа және жалға берілетін үй бағасы түсіп, қайталама нарықтағы үйлердің бағасы баяу өскен. 

Ал жаңа үй бағасы наурыз айында 2023 жылдың қарашасынан бері бірінші рет төмендеді. 

Сондай-ақ оқыңыз