Инвесторлардың үштен біріне жуығы инфляциядан қорғанудың сенімді жолы алтын емес, ірі технологиялық компаниялардың акциясы деп біледі
Алтын инфляциядан қорғанудағы ең танымал актив болып отыр / Фото: Unsplash/Scottsdale Mint
Bloomberg сауалнамасы көрсеткендей, бір топ инвестордың пікірінше, Nvidia және басқа да технологиялық компаниялардың акциясы инфляциядан қорғанудың сенімді жолы ретінде алтынмен деңгейлес. Инфляция мәселесінде бұл бағалы металл әлі де көш ілгері алда келе жатса да, инвесторлардың үштен бір бөлігі дерлік IT-компаниялардың бағалы қағазын одан артық көреді. Респонденттер қаржы нарықтары үшін негізгі қауіп – бағаның көтерілу деп біледі.
Толығырақ
Bloomberg Markets Live Pulse сауалнамасына қатысушылардың 30,4 %-ы инфляция деңгейі жоғары жағдайда ең жақсы қорғаныс активі америкалық технологиялық алпауыттардың акциясы деп санайды. Бұл топ төрт санаттың ішінде екінші орында. Бұдан бір жарым есе көп респондент (46,4%) үшін инфляция қаупінен сақтанудың ең жақсы нұсқасы – алтын. Үшінші орында (18,1%) басқа активтерді айтқандар. Бірақ мұның ішінде биткоин жоқ. Себебі оны айтқан 5,1 % өз алдына бөлек санатта.
Bloomberg сауалнамасы 6–10 мамыр аралығында Bloomberg оқырмандары арасында жүргізілді. Оған 393 инвестор қатысты.
Неге инвесторлар ІТ акциясын артық көреді?
«Сауалнама нәтижесі Nvidia, Amazon немесе Meta сияқты технологиялық алпауыттардың АҚШ қаржы нарығындағы үстемдігін көрсетеді», – дейді Bloomberg. «Бұл компаниялардың экономикаға тигізер ықпалы артып, бұлар үшін тұрақты түрде пайда тауып отыру мүмкіндігі зорайып келеді. Сол себепті акциялар бәсекесі қызып, инвесторларда қағаздар сенімді кіріс көзі болып қала береді деген берік сенім қалыптасып келеді» деп жазады агенттік.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, инфляция АҚШ үкіметінің 2021 жылдың наурызындағы 2 %-дық мақсатты мөлшерінен асып кеткеннен бері Nvidia акциясының бағасы алты еседен де көп мәрте өсті.
«Тіпті 2024 жылы акциясы айтарлықтай арзандаған Apple компаниясының да құнды қағаздары үш жыл ішінде 50 %-дан аса қымбаттап, 30 %-ға ғана бағасы артқан S&P 500 америкалық нарықтың негізгі индексін басып озды. Бірақ басқа өндірушілер секілді, технологиялық компания акциялары да инфляция мен ФРЖ мөлшерлемесіне келгенде өте сезімтал, өйткені олардың құны негізінен алдағы келер пайдаға байланысты», – деп атап өтті Bloomberg.
«2024 жылдың басынан бері алтын 15 пайызға қымбаттады. Ресейдің Батыстағы активтеріне бұғау салынғаннан кейін көп ел өз жиғанын әртараптандыруға және ондағы доллар үлесін азайтуға тырысып жатыр. Сол себепті енді алтынның бағасы артады», – деп түсіндірді Bloomberg. Агенттік сауалнамасына қатысушылар, керісінше, нарықтағы тұрақсыздық кезінде ең сенімді валюта доллар деп біледі.
Инфляция мәселесі көкейкесті ме?
АҚШ-тағы бағаның өсу қарқыны, 2022 жылғы қарқынмен салыстырғанда баяулады. Алайда баға 2024 жылдың алғашқы үш айында экономистердің айтқан межесінен асып кетіп, АҚШ үкіметі белгілеген мақсатты деңгей – 2 %-дан жоғары болып отыр. Осы себепті инвесторлардың мазасын кетіретін ең негізгі мәселе инфляция болып қала бермек. Bloomberg сауалнамасына қатысушылардың 59 %-ы 2024 жылы да қаржы нарықтары үшін ең үлкен қауіптің осы мәселеде жатқанын айтты.
«АҚШ Федералдық резервтік жүйесінің (ФРЖ) пайыздық мөлшерлемесі үнемі инфляцияға байланысты. 2023 жылдың шілдесінен бері ол шамамен 20 жыл ішіндегі ең жоғарғы деңгейде тұр. Инвесторлар 2024 жылдың наурызында төмендей бастайтын шығар деп үміттенген еді. Бірақ инфляция деңгейі жоғары болып, оларды өз болжамын қайта қарауға мәжбүр етті. Енді нарыққа қатысушылардың кейбірі мөлшерлеме бірінші рет қыркүйекте төмендейді деп үміттенеді. Бұл пікірдің дәлдігі сәрсенбіде, 15 мамырда, АҚШ инфляциясының негізгі көрсеткіштерінің бірі – тұтынушылық бағалар (CPI) бойынша сәуір айының статистикасын жариялаған кезде тексерілетін болады. Консенсустық болжам бойынша, баға бір жыл ішінде 3,4 %-ға өсуге тиіс. Бұл наурыздағыдан 0,1 %-дық тармаққа төмен» деп жазды Barron’s.