Мәдени іс-шара кезінде жөнсіз мінез-құлық танытқан әртістер жауапкершілікке тартылуы мүмкін – Мәдениет министрлігі жобаны талқылауға шығарды

Жарияланды
өнер қайраткерлері айыппұл
Өнер қайраткерлері жөнсіз мінез-құлық танытса, 550 мың теңге айыппұл төлеуі мүмкін / Фото: kursiv.media; бильд-редактор: Зиперов Ахтам

Өнер қайраткерлері мәдени іс-шаралар кезінде жөнсіз мінез-құлық танытса, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеуі мүмкін. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталына жарияланған Мәдениет және ақпарат министрлігінің құжатында жазылған.

Реттеушілік әсерді талдау жобасы ретінде ұсынылған бұл құжатта өнер қайраткерлеріне қатысты талаптарды күшейту мәселесі көзделген. Атап айтқанда, әртістерді лайықсыз мінез-құлық көрсетсе, мәдени-көпшілік іс-шара барысында балағат сөздер айтса, алкогольдік ішімдіктер ішсе, алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде шықса, сондай-ақ психотроптық заттарды, олардың аналогтарын және прекурсорларды пайдаланса, жауапкершілікке тарту ұсынылған.

«Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының заңнамасында концерттік қызметті жүзеге асырудың жеке мәселелері реттелмеген, әсіресе концерттік қызметтің даму тенденциялары мен ұйымдастырудың өткір мәселелері бар. Мәдениет және ақпарат министрлігіне азаматтар тарапынан концерттік іс-шаралардың төмен сапасына, аталған концерт ұйымдастырушыларының жауапсыздығына, қазақстандық және шетелдік әртістердің шығармашылығының сапасына және тәртібіне қатысты жиі шағымдар түсіп жатыр»,– делінген құжат түсіндірмесінде.

Сонымен бірге министрліктің бұл құжатты әзірлеуіне 2022-2024 жылдары шетелдік және отандық әртістердің қатысуымен өткен және Қазақстан аумағында концерттерді ұйымдастырушыларға қатысты жанжалды оқиғалардың үлкен қоғамдық резонанс тудырғаны себеп болған.

Атап айтқанда, Максим Галкин, Андрей Макаревич, Григорий Лепс, «Камызяки» КВН, ресейлік Би-2 тобы, сонымен қатар, Филипп Киркоровтың жанжалды концерттері, әнші Земфира, Реп және поп-орындаушы Моргенштерн, америкалық орындаушылар – Akon, 50 Cent-ке қатысты оқиғалардан соң, бұл саланы реттеу қажеттігі туындаған.

Сонымен қатар 2023 жылы өткізілген «Ирина Кайратовна» тобының концерті кезінде қазақтың ұлттық бас киімі – сәукелеге құрметсіздік көрсетілуі қоғамдық резонанс тудырған.

Бұл резонансты оқиғалардан соң, шоу-бизнес өкілдерінің моральдық-әдептік мінез-құлқына қатысты мәселелердің өзектілігі артқан.

«Жазаның ең тиімді шарасы айыппұлды енгізу және ұлғайту таңдалды. Өйткені іс-шараларды ұйымдастырушыларға қатысты қызметті тоқтата тұру немесе тыйым салу креативті индустриялар нарығының дамуына теріс әсер етуі мүмкін, ал әртістерге қатысты мемлекет тарапынан қатаң цензураның көрінісі болар еді»,– делінген құжатта.

Яғни министрлік заңдық негізде осындай мәселелердің алдын алуды көздеп, талаптарды күшейту турыл шешім шығарған. Ведомство айыппұл мөлшері іс-шараларды ұйымдастырушылардың концерт өткізуден түскен табысына және әртістердің гонорарына пропорционалды болғанын ескерген. Министрлік есептеуінше, концерт ұйымдастырушылардың табысы орта есеппен 2,2 млн теңге болса, әртістердің гонорары 500 мың теңгені құрайды.

Осыған орай министрлік жеке тұлғаларға айыппұлды 150 АЕК (553,8 мың теңге), заңды тұлғаларға 300 АЕК (1,1 млн теңге) көлемінде белгілеуді көздеп отыр. Егер бір жыл ішінде осындай бұзушылық қайталанса, жеке тұлғаларға 200 АЕК (738,4 мың теңге), заңды тұлғаларға 600 АЕК (2,2 млн теңге) көлемінде айыппұл салынбақ.

Министрлік бұл құжатты талқылаудан соң, Мәжіліске ұсынуды жоспарлап отыр. Ал заңдарға қол қою мерзімі 2024 жылдың желтоқсанына белгіленген.

Сондай-ақ оқыңыз