Атом электр станциясын салуға қатысты билік әлі нақты шешімге келген жоқ – сарапшылар

Жарияланды
Қазақстан билігі АЭС салу туралы шешім шығарды ма? Фото: shutterstock

Атом электр станциясы Қазақстанның қай жерде салынатыны, референдумның қашан өтіп, құрылыс жұмыстары қай елдің компаниясына сеніп тапсырылатыны әлі анық шешілген жоқ. Өйткені ел билігі тарапынан бұл мәселеге қатысты нақты шешім шығарылған жоқ.

Дегенмен бұған дейін Балқашқа тиіп тұрған Үлкен ауылы, екіншісі Шығыстағы Курчатов қаласы маңында станция салынуы мүмкін екені айтылған еді.

Бұл туралы Алматыда өткен «Атом энергетикасы және оның ресурстық базасын дамыту»  тақырыбында кезекті дөңгелек үстел барысында мәлім болды. Жиынды «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС мен «New Nuclear Watch Institute» компаниясы ұйымдастырған. Оған қазақстандық мамандармен қатар Ресей, Иордания, Корея мен Монголия елінің өкілдері қатысты. Сарапшылар уран өндірісі, уран қорын басқару және сақтауға қатысты ойларымен бөлісті.   

Басқосуда сондай-ақ атом энергетикасының өзекті мәселелері, оған қажетті ресурстық база талқыланды. Атом энергетикасын дамыту перспективалары және алғашқы АЭС құрылысына қатысты мәселелер сөз болды.

Сарапшылардың мәліметінше, Қазақстанда АЭС қашан, қай жерде салынатынын айту үшін Мемлекет басшысының шешімі мен Үкімет қаулысы керек. Алайда билік тарапынан бүгінге дейін ешқандай нұсқаулық болмаған. Бір анығы, Энергетика министрлігі қуаты 2 мыңнан 2800 кВт-тық 2 атом блогын салу бойынша дайындық жұмыстарын қызу жүргізіп жатыр.

«10-15 жылда әлем елдерінде күн және жел энергиясы қарқынды дамып келеді. Бұл саланың қарқын алғанына ұзақ уақыт бола қоймаса да, қазірдің өзінде біршама мәселелер туындай бастаған. Мәселен, ондай қондырғыларды көптеп орнатып алған елдерде қуат кешендеріне ұзақ уақыт қызмет көрсету мен ұстап тұру, ескі жабдықтарды қайтадан кәдеге жаратуға қатысты сұрақтар қордаланып қалған. Бастапқыда жіберілген қателіктер қосымша қаржыны талап ететіні заңдылық. Сондықтан бұл мәселе де біздің ел де қателік жіберіп алмауы керек», – деді «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС-нің Бас директоры Тимур Жантикин.

Атом электр станциясы мүлде бөлек тәртіппен жұмыс істейтінін атап өткен Жантикин мырза атом станциясын салуға жұмсалатын қаржының жартысына жуығы қоршаған орта мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналатынын, қорғаныс бөлігі бірнеше деңгейде жұмыс істейтінін тілге тиек етті.

«Атом энергиясына қатысты жобалар кемі 60 жылдан 100 жылға дейін жоспарланады. Бұндай энергия көздерін іске қоспастан бұрын 100 жыл бойы жиналатын қалдықтарды залалсыздандыру, істен шыққан қондырғыларды жою, жергілікті жерлердегі әлеуметтік нысандарды ұстап тұру секілді жұмыстар бюджетке енгізіледі», – деді Жантикин.  

Оның сөзіне қарағанда, осы күндері елімізде атом станциясында қызмет көрсету түрлерімен айналысатын мамандар да, осы салаға машықтанған құрылысшылар мен қажетті отын өндіретін кәсіпорындар шоғыры қалыптасып үлгерген.  

Сондай-ақ оқыңыз