Қазақстанда мұнай мен конденсат өндіру 3,5%-ға қысқарды
Қазақстанда 2024 жылдың сәуір айында мұнай және конденсат өндіру 7,3 млн тоннаны құрады. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5%-ға аз. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Ресми мәліметке сүйенсек, 2024 жылдың қаңтар-сәуір айларында мұнай мен конденсат өндіру көлемі 30,2 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,8% төмен.
Қаңтар-сәуірде жанармай өндірісі 1,7 млн тоннаны құрады. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4%, дизельдік отын – 1,64 млн тонна (5%-ға аз), мазут – 754 мың тонна (27,7%-ға) аз.
Еске сала кетсек, Энергетика министрлігі Қазақстан 2024 жылы 90,3 млн тонна мұнай өндіретінін хабарлаған.
«2024 жылға арналған жоспар – 90,3 млн тонна», – деп хабарлады министрлік.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 2023 жылдың соңына қарай республикада іс жүзінде 90 млн тоннаға жуық мұнай өндірілгенін, бастапқыда бұл көрсеткішті 93 млн тоннаға жеткізу жоспары болғанын айтты.
Министрдің айтуынша, жоспардың орындалмауына мұнай кәсіпорындарындағы жөндеу жұмыстары мен ОПЕК+ келісімі бойынша Қазақстанның өз міндеттемелерін орындауы себеп.
Негізі 2023 жылы 90,5 млн тонна мұнай өндіру жоспарланған. Ауытқуға кен орындарындағы түрлі жағдай себеп болды. Мысалы, 8 тамызда электр қуатының шектелуіне байланысты мұнайдың тәуліктік өндірісі 228 мың тоннаға дейін төмендеді.
«Теңізшевройлда», «Маңғыстаумұнайгазда», «Ембімұнайгазда», «Өзенмұнайгазда» және «Қаражанбасмұнайда» мұнай өндіру көлемі қысқарды. 3 шілдеде МАЭК-тегі апат салдарынан Атырау мұнай өңдеу зауытындағы өндіріс пен «ҚазМұнайГаздың» бірнеше кен орындарында мұнай өндіру тоқтады. 3-14 шілде аралығында Шымкент мұнай өңдеу зауытының жұмысында ішінара іркіліс пайда болды.