Бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевты қамауда ұстау мерзімі тағы да ұзартылды

Жарияланды (жаңартылды )
Сот қамауда ұстау мерзімін ұзартты
Бекетаевты қамауда ұстау мерзімі ұзартылды / Фото: kursiv.media

Бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевты қамауда ұстау мерзімі тағы да ұзартылды. Келесі сот болатын күн 21 маусымға белгіленді. Бұл туралы Астана соты растады.

«Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті М.Бекетаевты қамауда ұстау мерзімін 2024 жылғы 21 маусымға дейін ұзартты», – делінген хабарламада.

Осының алдында экс-министрді қамауда ұстау мерзімі 2024 жылдың 21 қаңтарына дейін ұзартылған болатын.

Бұрынғы Әділет министрі 2023 жылы 21 қазан күні ұсталған. Оған «үлескер компанияның мүддесін қолдап, мемлекетке үлкен көлемде шығын келтірді» деген айып тағылған. Ол «Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді іздеу және қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды» деген күдікке ілінген.

Ал 23 қазанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевтың ұсталғанын растаған

«Ұсталған адамның бұрынғы әділет министрі М. Бекетаев екенін растаймыз. Қазіргі уақытта күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды. Тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп жазылған болатын хабарламада.

 Айта кету керек, Марат Бекетаев Назарбаев президент болып тұрған тұста 2016 жылғы 13 қыркүйекте және 2019 жылғы 25 ақпанда, яғни екі рет Әділет министрі болып тағайындалған еді. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев президент болғаннан кейін ол бұл лауазымды 2021 жылдың 18 қаңтарынан бастап атқарды.

Сондай-ақ оқыңыз