Салық аптасына дайындық: теңге мен рубль бағамын нығайтты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Теңге бағамы
Теңге бағамы нығайды / Фото: shutterstock

Қазақстандық және ресейлік экспорттаушылар салық төлеу үшін шетел валютасын белсенді түрде айырбастауда. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы шолуында жазылған.

Нәтижесінде теңге бағамы нығайды

20 мамыр күнгі сессияның соңында USDKZT жұбының орташа сараланған бағамы бір доллар үшін 443,66 теңгені (+T0,09) құрады. Сонымен аталған сессияда сауда көлемі жұма күнгі 261,6 млн долларға қарсы 355 млн долларға жетті.

«Бәлкім экспорттаушылар тоқсан сайынғы дайындық кезінде шетел валютасын сатқан шығар. Салық кезеңі және Ұлттық қордан аударылған трансферттер импорттаушылар мен сыртқы міндеттемелері бар компаниялардың оған деген қажеттіліктерін толығымен дерлік өтеді», – деп есептейді қаржы нарығының қатысушылары.

21 мамыр таңғы сессияда USDKZT жұбы (11:00 ALA) бір доллар үшін 441,4 теңге шамасында саудаланды

Мұның рубль бағамына ықпалы қандай?

20 мамыр күнгі валюталық саудада USDRUB жұбының бағамы бір долларға P90,75 (-0,2%) дейін төмендеді.

«Ресей валютасының динамикасына әсер етуі мүмкін елеулі оқиғалар болмады. Рубльдің айырбастау бағамы экспорттаушыларды бірыңғай салық төлеу кезеңіне (05/28) дайындау, салық салу нормасын ұзарту сияқты факторлармен байланысты болуы мүмкін. Оның аясында ірі экспорттаушылар валюталық түсімдерді міндетті түрде сатады. Сондай-ақ жоғары базалық мөлшерлеме аясында импорттың қысқаруы есебінен сауда балансының профициті кеңеюде», – деп топшылады сарапшылар.

Еске сала кетсек, сәуірді сәтті аяқтаған теңге мамыр айының басында нығая түсті. Сәуір айында ұлттық валюта бағамы 1,1%-ға, яғни 1 доллар үшін 446,9 теңгеден 442,05 теңгеге дейін нығайды.

Қазақстан қор биржасындағы орташа күндік сауда-саттық көлемі бір айда 225 млн доллардан 234 млн долларға дейін жеткен. Жалпы сауда-саттық көлемі 1 млрд долларды құрады. Биржада валютаға сұраныс артқан сайын төл валюта бірден нығайды. Сарапшылардың бір бөлігі  мұны Ұлттық қордан сатылған валютамен байланыстырса, тағы бірі сыртқы факторлардың әсеріне балады.

Еске сала кетсек, бұған дейін бас банк 2024 жылғы мамырда Ұлттық қордан 750 млн АҚШ долларынан 850 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылатынын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз