Ұлытауда денсаулық орталығы бюджеттен науқастарды тамақтандыруға 17,2 млн теңге артық бөлген

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Ұлытау облысы
Ұлытауда шенеуніктер 3,7 млрд теңге заңсыз жұмсамақ болған / Фото: shutterstock

Ұлытау облысындағы психикалық денсаулық орталығы науқастарды тамақпен қамту бойынша қызметтерді сатып алу кезінде 17,2 млн теңге мөлшерінде артық ақша бөлген. Облыс прокурорлары жалпы көлемі 3,7 млрд теңге болатын дәл осындай тағы 12 заңсыз мемлекеттік сатып алу жобасын анықтады.

Талдау нәтижелері көрсеткендей, жергілікті атқарушы органдар конкурстарды жариялау кезінде тиісті сараптамалар жүргізбеген, көбінде жобалық-сметалық құжаттамалар болмаған және әлеуетті жеткізушілерге тиімсіз талаптар қойылған.

Мәселен Жезқазған қаласының экономика және қаржы бөлімі 1,9 млрд теңгеге автомобиль жолдарын күтіп ұстауға мемлекеттік сатып алу жариялаған. Бұл ретте тапсырыс беруші конкурстық құжаттамада заңда көзделмеген біліктілік талаптарын негізсіз қойған (мемлекеттік сатып алу нысанасына жатпайтын заңнаманы сақтау бөлігінде).

«Сонымен қатар мемлекеттік орган бюджет заңнамасының талаптарын бұза отырып, 3 жыл мерзімге қала жолдарын күтіп ұстау туралы келісім шарт жасасуды жоспарлаған. Алайда, мұндай жұмыстар мерзімі ағымдағы қаржы жылынан асатын шарттар тізіміне кірмейді», – делінген облыстың прокуратура хабарламасында..

Бұдан бөлек, Ұлытау облысы денсаулық сақтау басқармасының облыстық психикалық денсаулық орталығы науқастарды тамақтандыру қызметін сатып алу кезінде қаржыны 17,2 млн теңгеге негізсіз көтерген.

Прокурорлардың наразылығымен заңсыз мемлекеттік сатып алулар жойылып, 9 лауазымды тұлға тәртіптік, 17-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Еске сала кетсек, бұған дейін мемлекеттік аудиторлар Ұлытау облысында 36,4 млрд теңгенің заңсыз жұмсалғанын анықтады. 

«Жалпы аудит қорытындысы бойынша: 4,1 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар; 1,7 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау; 7,8 млрд теңгеге бюджет қаражаты мен активтерді тиімсіз пайдалану; 22,8 млрд теңгеге шығындар мен жіберіп алған пайда; 12 жүйелік кемшілік пен 203 рәсімдік сипаттағы бұзушылық анықталды», – деп жазылған аудит қорытындысында.

Ұлытау облысы құрылғаннан бері шешімін таппаған проблемалар жетерлік. Алты облыспен ортақ шекарасы бар өңірдің жол желілерін дамыту ісі тек Қызылорда, Қарағанды және Қостанай облыстарына қарай ғана бағытталған. Осы мақсатта 47,5 шақырым облыстық автожолдарды қайта қалыпқа келтіру үшін 2 жоба ғана жоспарланған.

Өңірдегі өзекті проблема – ауызсу мәселесі. Жезқазған және Сәтбаев қалаларын ауызсумен жабдықтаудың негізгі көзі Кеңгір су қоймасын тазарту және ластаушы заттардың түсуін азайту бойынша тиімді шаралар қабылданбай отырғаны анықталды.

Облыстағы 19 мемлекеттік мектепке дейінгі ұйым ғимараттарының тозуы 65%-дан асады, ал үшеуі 100% тозған. Облыс әкімдігі Жезқазған мен Сәтбаевта әрқайсысы 320 орындық балабақшалардың құрылысын аяқтау үшін тиісті шаралар қабылдамаған. Құрылыс 14-17% қымбаттап, 4 жылдан 10 жылға дейін созылған.

Сондай-ақ оқыңыз