Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Шұбаркөл Премиум» компаниясы көмір өндіру көлемін арттырмақ
«Шұбаркөл Премиум» компаниясы Қарағанды облысындағы Шұбаркөл кен орнының Орталық 2 учаскесінде 92,7 миллион тонна көмір өндіруді жоспарлап отыр. Аталмыш компания бай қазақстандықтардың бірі – Тимур Құлыбаевқа тиесілі.
«Өндіріс кезінде жер қойнауын пайдалану мерзімі – 15 жыл. Кен орнында жылына 2-8 млн тонна көмір өндіру жоспарланғанын ескере отырып, қалған келісімшарттық кезеңде 92,7 миллион тонна көмір өндірілмек», – делінген құжатта.
Шұбаркөл кен орнының ауданы 70 шаршы шақырымды құрайды. Орталық екінші уческе ауданы – 25,17 шаршы шақырым. «Шұбаркөл Премиум» 2013 жылдың қарашасындағы келісімшарт бойынша 2014 жылдың екінші жартыжылдығында өндірісті бастады.
Шұбаркөл көмір кен орны мен Орталық 2 учаскесі Қарағанды облысының Нұра ауданында – Қарағанды қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 350 км жерде орналасқан. Ең жақын ірі елдімекен – 150 шақырым жерде орналасқан Жезқазған қаласы.
Қазақстан қор биржасының мәліметі бойынша, «Шұбаркөл Премиум» акционерлері: Joint Resources – 67%, Trans Coal Investment Group – 16,5%, «FCI Management» ЖШС – 16,5%. Тексерілген қаржылық есептілікке сәйкес, Joint Resources компаниясының жалғыз акционері – Тимур Құлыбаев. Сонымен қатар Egov порталында Joint Resources компаниясының жалғыз акционері жарияланбайтын болды.
2023 жылдың алғашқы үш тоқсан қорытындысы бойынша «Шұбаркөл Премиум» 60,2 млрд теңге кіріспен 4,8 млрд теңге таза пайда алды. Компанияның активтері – 74,7 млрд теңгені, капиталы – 49 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар былтыр компания көмір өндіруді 52%-ға, экспортты 18,8%-ға қысқартты. Оған себеп ретінде кен орны «Қазақстан темір жолы» компаниясынан вагондардың жеткізілмеуін көрсеткен.
Былтыр Тимур Құлыбаев көмір компаниясынан 21 млрд теңгеге жуық дивиденд алды.
KASE-де жарияланған құжатта Құлыбаевтың «Joint Resources» компаниясының дивиденд ретінде 20,86 млрд теңге алғаны айтылған. Ал «Fci management llp» ЖШС мен «Trans coal Investment Group» ЖШС басшылары Сағдиева мен Елимесова әрқайсысы 5,13 млрд теңгеден алған.