Қазақстандықтар бағасы 5 млн теңгеден төмен автокөлік алуды қалайды
Қазақстандықтар көбіне бағасы 5 млн теңгеден төмен автокөлік сатып алғылары келеді. Бұл туралы KURSIVAUTO 2024 форумында Koleso Group компаниясының CEO басшысы Дмитрий Ботанов айтты.
Дмитрий Ботановтың айтуынша, 2023 жылы Қазақстанда жаңа көліктер көп сатылғанымен, елдегі тіркелген жаңа көліктердің саны артпаған.
«Қазақстандықтар көбіне біздің қосымшадан бағасы 5 млн теңгеден аспайтын көліктер іздейді. Көлік іздеушілердің 50%-ы бағасы 10 млн теңгеге дейін жүрілген көлік іздейді. Жаңа көлік іздейтін қазақстандықтар саны 30-35%-дан аспайды. Оның ішінде 6% адам ғана жаңа көлік туралы білу үшін диллерлерге тікелей хабарласады», – дейді Ботанов.
Қазақстан автокөлік одағының басшысы Анар Мақашеваның айтуынша, Қазақстанда ескі автокөліктер үлесі қалыпты жағдайда сақталып келеді. Ол елімізде ескі автомобильдер тек екі жолмен азайып жатқанын айтады. Біріншісі, жол көлік апаты, екіншісі, ескі көлікті өзге елге сату. Алайда одақ басшысы қазір, керісінше, Қазақстанға келетін ескі көліктер саны азаймағанын айтады.
«Өзге нарықтан ескі автомобильдер алып келу көбейді. Бұл әрі қарай жалғасы берсе, 90-шы жылдар қайталануы мүмкін. Қазақстан ескі көліктер полигонына айналмауы керек. Автопарк жаңаруы керек», – дейді Анар Мақашева.
2023 жылы Қазақстанда сатылған жаңа көліктің 20-25%-ы Ресейге кетеді. Бұл туралы Astana Motors компаниясының CEO басшысы Бекнұр Несіпбаев KURSIVAUTO 2024 форумында айтты.
Былтыр автомобиль нарығы 10 жылда алғаш рет өсті. 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында еліміздегі жеңіл автокөліктердің саны 14,4%-ды құраса, 2015-2021 жылдар аралығында бұл көрсеткіш жыл сайын орта есеппен 0,7%-ға төмендеген. Нарық ұзаққа созылған тоқыраудан шықты. Сарапшылар, автодилерлер, салалық қауымдастық пен реттеуші органдардың өкілдері KURSIVAUTO 2024 форумында Қазақстан авто нарығының мәселелерін талқыға салуда.
Форумды мына сілтеме арқылы онлайн көруге болады