Құрылысы аяқталмаған LRT-да өрт шықты

Жарияланды
LRT-да шүберек жанып, өрт шыққан / Фото: kursiv.media

9 маусым, жексенбіде Астанадағы LRT-да өрт шықты. Бұл жайлы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, құрылыс жүріп жатқан алаңда өрт шықққан.

«Есіл ауданында 80 шаршы метр алаңда шүберек материал жанған. ТЖМ күштерімен жану шақырту түскен сәттен бастап 17 минут ішінде оқшауланды», – делінген хабарламада.

Осы орайда айта кетсек, LRT құрылысына 2023 жылы 50 млрд теңге бөлінген. Ал жалпы жобаға 600 млн доллар керек. Бұл жайлы 2023 жылдың мауысымында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек айтқан болатын.

«Осы жылы LRT құрылысын жалғастыруға 50 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат туралы шешімді өткен жылы қабылдағанбыз. Бұл құрылысқа шамамен 600 млн доллар қаражат жұмсалды. Жалпы құрылыстың бірінші кезеңін аяқтауға шамамен 500 млрд теңге керек болады. Бұл қаражаттың жартысы құрылысқа жұмсалып үлгерді»,– деді әкім.

Әкім 2 жылда құрылыс жұмыстарының аяқталып, бірінші кезеңі бойынша станциялар іске қосылатынын мәлімдеді. Ол 2025 жылға қарай LRT 8 станциясында құрылыс жұмыстары аяқталып, 5 пойыз жүретінін айтты. Әкім 2030 жылға қарай қаладағы халық саны 2 млн-ға жететінін, сол себепті мұндай көлік қатынасы кез-келген ірі мегаполисте болуы қажет екенін айтты.

Астана қаласында бірталай жылдан бері құрылысы аяқталмай тұрған LRT құрылысы жайлы президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын. Мемлекет басшысы LRT құрылысын тездетіп аяқтауды тапсырғанымен нәтиже шықпағанын айтты. Қаражат жұмсалғанымен нәтиже көрінбейтінін атап өтті.

«Мен қаңтарда LRT-ға қатысты жұмысты тездетіп аяқтауды тапсырдым. Нақты мерзімдер айқындалды. Тұрғындарға уәде берілді. Енді осы жобаны дер кезінде аяқтау керек. Бұл жұмысқа біраз қаражат бөлінді. Бірақ нақты нәтиже жоқ», – деді ол.

Сонымен бірге экономикалық шығынға тап болмау үшін мәселені оңтайлы шешуді тапсырды. Көлік мәселесін шешу осылайша созыла берсе, қала кептелістен көз ашпайтынын, бұл өз кезегінде үлкен дағдарыс тудыратынын айтты.

«Адамдар уақыт жоғалтады, қалаға экологиялық зиян келеді. Көлік саласындағы жағдайдың ушығуына көші-қон мәселесі де ықпал етіп отыр. Жыл сайын Астанаға 50-60 мың адам келеді. Бұдан бөлек, күн сайын жақын маңдағы елдімекендерден 150 мың адам келіп кетеді. Мұның бәрі инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға айтарлықтай салмақ түсіреді. Сол себепті көші-қон үдерісін тиімді реттеу қажет, яғни пәрменді шаралар қабылдау керек. Негізінен, көп адам қалаға жақын жерлерден жұмыс істеуге келеді. Сондықтан бұл саланы нақты реттеп, бақылау күшейтілуге тиіс», – деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз