Қырғыз депутаттары уран кен орындарын игеруге қатысты мораторийді алып тастады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қырғызстан парламенті уран кен орындарын игеруге мораторий күшін жою туралы заңды қабылдады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қырғызстан парламенті үшінші оқылымда уран кен орындарын игеруге мораторий күшін жою туралы заңды қабылдады.

Парламенттің Отын-энергетика кешені, жер қойнауын пайдалану және индустриялық саясат комитетінің төрағасы Әзизбек Тұрсынбаевтың айтуынша, заң жобасында уран кенін іздеу, барлау және жер қойнауын геологиялық зерттеу мақсатындағы қызметке тыйым салуды алып тастау ұсынылып отыр.

«Құжатты қабылдау тау-кен өндірісінің қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерін барынша азайтуға көмектесетін уран мен торийді өндірудің заманауи технологияларына мемлекеттік мониторинг жүргізумен қатар жүреді», – деп жазылған хабарламада.

Қырғызстан Премьер-Министрі Ақылбек Жапаров құжат бірінші кезекте уран мен торий кен орындарын емес, титаногнетит кен орындарын игеруге бағытталғанын атап өтті.

Талқылау нәтижесінде заң жобасын 70 депутат қолдаса, сегізі қарсы шықты.

Еске сала кетсек, Ыстықкөл маңындағы Қызыл-Омпол кен орны төңірегіндегі жанжалдан кейін уран мен торий өндіруге мораторий енгізілді. Оқиға 2019 жылдың көктемінде болды. Қырғызстандағы «УрАзия» компаниясының лицензия алып, геологиялық барлау жұмыстарын бастаған. Кейін тұрғындар бұл кен орындарын игеруді тоқтатуды талап етті. Нәтижесінде парламент елде уран өндіруге тыйым салуды мақұлдады.

Араға бес жыл салып, 2024 жылдың ақпан айында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ыстықкөл және Нарын облыстарындағы бірқатар елдімекендердің тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиында уран өндіру мәселесін көтерген болатын. Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру экономикалық жағынан тиімді.

Бұған дейін АҚШ Ресей уранынан бас тартты. Байден шикізатты елге импорттауға тыйым салатын заңға қол қойған еді.

Сондай-ақ оқыңыз