15 млн теңге пара беруге оқталған «Астана-Зеленстройдың» экс-директоры ұсталды – Антикор

Жарияланды
«Астана-Зеленстрой» экс-директоры қылмыстық істі тоқтату үшін құқық қорғау органдарына пара беруге оқталған / Фото: kursiv.media

«Астана-Зеленстрой» ЖШС-нің бұрынғы бас директоры жемқорлық қылмыстар жасады деген күдікпен ұсталды. Бұл жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Астана-Зеленстрой» ЖШС бұрынғы бас директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде»,  – делінген .

Агенттіктің хабарлауынша, күдікті қылмыстық істі тоқтату үшін құқық қорғау органдарының лауазымды адамдарын алаяқтық жасауға итермелеп, 15 млн теңге сомасында пара беруге оқталған.

Экс-директор компанияда қызмет еткен жылдары Астана қаласының жергілікті атқарушы органдарының тапсырысын орындау кезінде қаржылық заңбұзушылықтар жасаған деген күдікке ілігіп отыр. Атап айтқанда, көпжылдық бұталарды отырғызу бойынша орындалған жұмыстардың құнын арттырып көрсеткен. Солайша өзінің лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланған.

Қазіргі таңда сот санкциясымен күдікті қамауға алынып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетсек, сәуірде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі пара алды деген күдікпен «Алматы Су» бас директорының орынбасары мен Қызылорда облысының кәсіпкерлік басқармасы басшысының ұсталғанын хабарлаған болатын.

Агенттік дерегінше, «Алматы Су» бас директорының орынбасары жергілікті кәсіпкермен сөз байласып, 75 млн теңге көлемінде пара алған деп күдіктеледі.

Ал Қызылорда облысы бойынша кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы жалпы қамқорлығы мен келісімшартты ұзартуға және жер қойнауын өндіру көлемін ұлғайту рұқсатына қол қойғаны үшін айтарлықтай мөлшерде пара алды деген күдік бойынша ұсталған.

Екі басшыға да соттың санкциясымен «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қазіргі таңда тергеу жүріп жатыр. Аталған істер бойынша тергеу жалғасуда.

Ал ақпанда Антикор «Artsport» бағдарламасы арқылы 57 млн теңге жымқырған Батыс Қазақстанның Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК директоры  қамауға алынды.

Сондай-ақ оқыңыз