Каспий құбыр консорциумы биыл Новороссийск теңіз терминалынан экспортқа 30 миллион тонна мұнай жөнелткен

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
2024 жылдың басынан бері Каспий құбыр консорциумы
Каспий құбыр консорциумы 30 млн тонна мұнай жөнелткен. Фото: КҚК, бильд-редактор: Артур Алескеров.

2024 жылдың басынан бері Каспий құбыр консорциумы Новороссийск маңындағы теңіз терминалынан экспортқа шамамен 30 миллион тонна мұнай жөнелткен. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 800 мың тоннаға артық.

Компания баспасөз қызметінің хабарлауынша, Астанада «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен КҚК бас директоры Николай Горбан кездескен.
Кездесу барысында қос тарап компанияның Теңіз-Новороссийск құбыры жүйесінің объектілерін жаңғырту және сенімділігін арттыру бойынша іске асырып жатқан бағдарламаларды талқылаған. Сондай-ақ жөнелтушілердің мүмкіндіктерін ескере отырып, КҚК жүйесі жүктемесінің ұзақмерзімді жоспарын қараған.

Николай Горбан 13 маусымдағы жағдай бойынша КҚК 30 миллион тоннаға жуық мұнай жөнелткенін айтты. Бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 800 мың тоннаға артық.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ – КҚК ірі акционерлерінің бірі. Ұлттық компания КҚК жобасындағы Қазақстан Республикасының 19 пайыздық үлесін басқарады. 2018 жылдан бері осы компанияның еншілес ұйымы «ҚазТрансОйл» КҚК мұнай құбыры жүйесінің Қазақстан арқылы өтетін бөлігіндегі нысандарында техникалық қызмет көрсету, жөндеу және апатты жою қызметін атқарып келеді.

Мамырда Каспий құбыр консорциумы мұнай тасымалдау болжамын қайта қараған. 2024 жылы жүйе арқылы 70 млн тоннадан астам мұнай тасымалданады деп жоспарланған болатын. Алайда жаңартылған болжамда шикізат тасымалының көлемі шамамен 65,2 млн тоннаға дейін қысқаратыны айтылған.

Былтыр Каспий құбыр консорциумы арқылы 63,5 млн тонна мұнай жеткізілді. Бұл – рекордтық көлем. Оның 56 млн тоннасы Қазақстанға тиесілі. 

Каспий құбыр консорциумы – ірі халықаралық мұнай жеткізу жүйесі. Ол Қазақстан батысынан (негізінен Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарынан) Қара теңіздегі Новороссийск (Ресей) портына жақын орналасқан терминалдарға мұнай жеткізу үшін құрылған. Мұнай тасымалдауы 2001 жылы басталған, ұзындығы 1500 шақырым.

КҚК акционерлері: Ресей Федерациясы (Транснефть (MOEX: TRNF) бақылайтын 24%, баланста 7%) – 31%, Қазақстан (Қазмұнайгаз – 19% және Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75%) – 20,75%, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, LUKOIL International GmbH – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holding Limited – 2%, E.A.ni. Н.В. – 2% және Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%.

Сондай-ақ оқыңыз