Зейнетақы активтерінің инвестициялық табысы инфляциядан аса алмай жатыр
БЖЗҚ активтерінің инвестициялық табысы елдегі инфляциядан аса алмай жатыр. Бірінші несие бюросының мамандары 1 маусымда Ұлттық банк басқаруындағы зейнетақы активтерінің инвесттабысы 3,49%-ға жеткенін жазады. Алайда осы кезеңде елдегі инфляция 3,50%-ды құрап тұр.
Яғни зейнетақы активтерінің нақты кірістілігі теріс мәнде қалыптасқан. Дегенмен өткен айдың көрсеткішімен салыстырғанда, сәл жақсы. Мамырда көрсеткіш -0,22% болса, қазіргі көрсеткіш – 0,1%.
Өткен 5 айда инвестициялық кіріс 647 млрд теңгеге жеткен. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 27%-ға артық.
Тағы бір тиімсіз категория – шетел валютасын қайта бағалау. Яғни теңге нығаюының жалғасуы. Соның салдарынан жыл басынан бері минус 47 млрд теңге шығын қалыптасқан. Сарапшылар қазір теңге әлсіреп жатқандықтан, келесі айда көрсеткіштер мүлдем басқа боларына сенімді.
Қазіргі кезде Ұлттық банк басқаруында 19,1 трлн теңге зейнетақы активтері бар. БЖЗҚ портфелінде негізгі үлесті ҚР Қаржы министрлігінің МБҚ-сы құрайды.
2023 жылы БЖЗҚ-да жинақталған зейнетақы активтерінің инвестициялық табысы 1,6 трлн теңгені құраған. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 685,4 млрд теңгеге немесе 77,7% артық. Былтыр жеке басқарушы компаниялардың басқаруына берілген зейнетақы активтерінің табыстылығы Ұлттық банк басқаруындағы активтердікінен асып түскен.
Ұлттық банк басқаруындағы зейнетақы активтерінің жылдық кірістілігі 10,1 пайызды құраған. 2023 жылы жылдық инфляция деңгейі 9,8 пайызды құрағанын ескерсек, таза табыс деңгейі 0,31 пайызды құрады.