Шабыт жолындағы демалыс: саббатикал қызметкерлердің өнімді жұмыс істеуіне көмектесе ала ма?

Жарияланды
Саббатикал деген не? / shutterstock.com

Қызмет барысында алуға болатын демалыс түрі аз емес. Еңбек демалысы, бала туғанда және оның күтіміне байланысты демалыс, ауырып қалған кезде жұмысқа бармайтын кез сынды түрін жақсы білеміз. Бірақ көпшілік біле бермейтін, соның ішінде қазақстандықтарға аса таныс емес демалыс бар. Ол — саббатикал. Бір қарағанда қиял қуған адамның әңгімесі, еріккеннің ісі көрінуі мүмкін. Десе де, дамыған елдер бұл демалысқа салмақты қарап, қызметкер үшін аса қажет деп санайды. Бұл қандай демалыс? Оны кімдер ала алады? Саббатикалға шығу үшін қалай жеткізу керек? Kursiv Media тілшісі осы туралы материал дайындады.

Саббатикал деген не?

Саббатикал — қызметкердің негізгі жұмысынан бірауық демалып, күш-жігер жинап, жаңа шабытқа жол ашу үшін алатын ұзақмерзімді демалысы. Оны кейде «шығармашылық демалыс» деп те атайды. Десе де, оны шығармашылық саласының мамандары ғана алады деуге келмейді. Алдымен бұл терминнің қайдан шыққанына тоқталайық. «Саббитикал» сөзі еврейлердің «шаббат» деген сөзімен байланысты. Оларда аптаның қасиетті деп саналатын бұл күнінде жұмыс істеуге тыйым салынады. Яғни демалу керек күн. Біз айтып отырған саббатикал да дәл солай: демалыстың бұл айрықша түрінде жұмысты ұмыту қажет.

Демалыстың бұл түрінің басты ерекшелігі — мерзімінде. Әдетте мұндай «каникул» үш айдан бастап, бір жылға дейін созылады. Ең басты ереже — демалысқа сонша ұзақ уақытқа кетсе де, жұмыс орны сақталады. Ал енді айлық мәселесіне келгенде әр компания өзі шешеді: кейбірі толық жалақысын төлеп, қызметкеріне еш уайымсыз демалуға мүмкіндік берсе, енді бірі жартылай сақтайды. Кейбірі қанша демалсаңыз да жұмыстан шығармауға уәде беріп, бірақ айлық жүрмейді деп ескертеді.

Бұл демалыс қалай және қашан пайда болған?

Саббатикал сонау XIX ғасырда пайда болған деседі. Академиялық ортадағылар шығармашылық демалыс алып, оны үрдіске айналдырған. Оқытушыларының жай-күйін ойлап, оларға демалысқа шығуға рұқсат берген алғашқы ұжымның бірі деп Харвард айтылады. Ондағы қызметкерлердің жеті жылда бір рет он екі айлық демалысқа шығуға рұқсаты болған екен. Ғылым жолында тоқтаусыз еңбек етіп жүрген оқытушылардың қажып кетпей, күш жинауы үшін осы саббатикал әдісі қолданылған. Осы демалысты пайдаланып олар білігін арттырып, жаңа идеялар іздестіріп, ғылыми жұмыстармен қамсыз айналысқан. Ғылыми ортадан басталып, бірте-бірте бұл схема корпорацияларға да жеткен. Атап айтқанда, XX ғасырдың соңында ұжымдардың ішінде алғашқы болып McDonald’s бастама жасаған. Ал қазіргі таңда саббатикал шетелдік компанияның біршамасында қолданыста бар. Бұл — қызметкерлерге деген қамқорлық. Қазақстана бұған ұқсас демалыс — жалақысы сақталмайтын демалыс. Басшылықпен келісе отырып, қызметкер қалаған мерзіміне демалыс ала алады. Бірақ жалақы түспейді. Мұны шетелдіктер ұстанатын саббатикал деуге аса келмейді. Десе де, ұқсастығы бары рас.

Саббатикал не үшін керек?

Нарық заманында барлығы дерлік ақшаның соңында жүремін деп, психилогиялық жай-күйін соңғы орынға қояды. Былай тартса, былай жетпейді, айлығы шайлығына жетпейтін, демалысты аңсайтын қызметкерлерге осы тәсіл әжептәуір көмектеседі. Себебі адамның эмоциялық, психологиялық жағдайын реттеу үшін жан тыныштығы керек. Ал жұмыс барысында денсаулыққа келген зиянды сенбі-жексенбі жойып жіберу мүмкін емес. Тіпті жылына бір алатын еңбек демалысы да аса көмектеспейді. Бір айлық демалыс жұмысқа шыққан алғашқы аптада-ақ сарқылып қалып жатады. Ал саббатикалдың жөні бөлек. Себебі ұзақ уақыт тыныққан адам басқаша болады.

  • Қажып, шаршағаны жазылады. Кейде тіпті саббатикал арқылы соған жеткізбей, алдын-алуға да болады. Қажу мәселесіне бей-жай қарауға болмайды. Өйткені ол — ауқымды әрі күрделі мәселе. Шектен тыс жауапкершілік, күні-түні тоқтаусыз істелген жұмыс адамның психикасын шаршатып, ағзасын әлсіретеді. Мұрыннан қан кеткенше жұмыс істеп жүрсеңіз, ұжымға береріңіз аз секілді көріне берсе, үйге келген соң көңіл қуантатын ештеңе таппасаңыз, кәсіби түрде қажыған болуыңыз мүмкін. Ондай жағдайдың болғанында тұрған ештеңе жоқ. Бұл — қалыпты құбылыс. Ұзағырақ демалған кезде адам өз-өзіне тереңірек үңіледі, қыртысы жазылады. Жақсы демалып, ой бөліп келген қызметкердің күш-қуаты да мол болады. Жұмысты жемістірек істейді.   
  • Жұмысын сағынады. Кез келген жұмыс таңнан кешке дейін қайталана бергенде күнделікті күйбең тіршіліктің бір бөлігіне айналады. Басында ұнайды, таңды-таңға ұрып істеуге дайын боласыз. Бірақ үйреніп алып, әбден бәрін білген кезде іш пыса бастайды. Сөйтіп жұмысқа енжар қарап кетесіз. Бұл болса, ұжымның жұмыс сапасын төмендетеді. Сондықтан бұл салада не үшін жүргеніңізді есіңізге салып қана қоймай, жұмысыңыздың қадірін сездіруге керемет құрал болады.  
  • Жеке идеяларды іске асыруға мүмкіндік пайда болады. Біз күнделікті жұмысымызбен айналысып жүргенде6 ойға келген әжептәуір идеяларды іске асыра алмай шаршаймыз. Күш сарқылады. Басқа келетін мың-сан ой бар. Бірақ жүзеге асыруға қуатыңыз жетпейді. Егер саббатикал алсаңыз, осы жағын реттеуге болады. Жұмыс жайымен қызық идеяларды кейінге ысыра бермей, орындауға кіріскен жөн.     
  • Білікті арттыруға болады. Жұмысыңызға жаңа құралдар қосып, кәсіби біліміңізді шыңдап, білігіңізді арттырғыңыз келіп жүрсе, онда шығармашылық демалыс туралы ойланыңыз. Саббатикал алып, оқыңыз, тағылымдамадан өтіңіз.
  • Жеке мәселелеріңізді шешуге болады. Жұмысбасты болған Ондайда жеке мәселе көбейіп, үйіле береді. Өміріңіз қызық болмай бара жатқандай көрінсе, онда ойланып көргеніңіз дұрыс. Жан баласы мазаламайтын демалыс алып, бар мәселенің мәнін реттеп көріңіз.
  • Ойда жүрген көп істі орындай аласыз. Көптен бері әлем кезіп, сапарлатуды ойлап жүргеніңізбен шын мәнінде орындау қиын болып жатыр ма? Өмірдің басқаша қырын көргіңіз келе ме? Ойға алған талай істі тындыру үшін саббатикал алған дұрысырақ.

Адам ағзасына алдыңғы кезекте керегі — демалыс. Ол азғаның қажетінен бөлек, дамуға да керек. Себебі демалысқа шыққан адамның эмоциялық интеллектісі өсіп, шығармашылық мәселелерді шешуге мүмкіндік молаяды. Сондай-ақ қате жібермеуге көмектеседі. Сондықтан саббатикалды еріккеннің ермегі санауға болмайды. Зерттеулер нәтижесіне қарасақ, шығармашылық демалыс алғандардың жай-күйі жақсарады. Олар жұмысқа күнелікті міндетін орындауға оралғанда әлдеқайда тыныш, сенімдірек болып келеді. 

Саббатикалдың қандай пайдасы бар?

Жұмыс істеген адамның басында түрлі кризис болады. Біреуінің отбасында күрмеуі көп мәселе болады. Енді бірі жұмысында идея сарқылғаннан шаршайды. Бірақ ол маман ретінде құндылығыңыздың түскенін білдірмейді. Қалай десе де, адам ең маңызды әрі қымбат ресурс болып қала береді. Ал уақытша өнімділігінің түскені кедергі емес. Сондықтан басшылық түсініп, саббатикалға жіберсе құба-құп. Жоғалтқан энергиясын қайта қалыпқа келтіріп, жаңа күшпен кірісуіне мүмкіндік береді. Басқа маман іздеп, оған онбордиң жасап, процестерді үйреткеннен гөрі саббатикал — әлдеқайда жақсы тәсіл.  

Саббатикал алуды қалай жоспарлау керек?

Кез келген демалысқа шығардың алдында жоспарлау қажет. Алдын-ала дайындықсыз шыға салуға болмайды. Жұмысыңызды жоғалтып алуыңыз, болмаса, шектен тыс еркіндікті игере алмай қалуыңыз мүмкін. Сондықтан саббатикал алатын кезде бәрі жайлы өтсін десеңіз, мыналарды ескеріңіз:

  • Жағдайды екшеп көріңіз. Жұмысыңызды ұзақ уақытқа тастап кетуге бекіну оңай емес. Мұндай қадамға баруға нақты дайынсыз ба? Қазір сіз кетсеңіз, командаңыздың жұмысы ақсап қалмай ма? Компания саясатын дұрыстап қарап шығыңыз, ұжымдағы әріптестермен ақылдасыңыз. Мұндай демалысты екінің бірі бере бермейді. Келісе ме, анықтаңыз.
  • Басшылықпен кеңесіп алыңыз. Демалыстың шарттарын, мерзімін талқылаңыз. Егер осы шешімге бекініп тұрып, бірақ басшылық күмәнмен қараса, қандай аргумент келтіре аласыз — оны да ойластырып қойыңыз.
  • Жұмыс процесін реттеңіз. Бәлкім, сіздің кеткеніңіз команданың жалпы жүктемесіне зиян келтіретін шығар. Шама келсе, көп жұмысты алдын-ала істеп кеткеніңіз абзал. Дұрысы — орныңызды басатын адамды тауып кету.
  • Демалыстың бұл түріне қатысты көп оқыңыз. Басқалардың тәжірибесімен таныссаңыз, белгісіздікте жол таба аласыз. Реал кейстерді оқып шығыңыз. Демалыс пайдалы болып, жақсы жағынан әсер еткен жағдайларды шолыңыз. Интернетте түрлі гайд бар. Оның ішінде пайдалы құралдар, жеке тәжірибелер болады. 
  • Қаржылай қорыңызды дайындаңыз. Саббатикал — жаңаша өмір. Оны бастағанға дейін қамсыз демалу үшін алдын-ала қарыздың бәрін жауып, ақша жинап бастау керек. Сізге қанша ақша керек болатынын есептеңіз. Кейінгі жарты жылда қанша ақша жұмсадыңыз? Оның ішінен төлемдерді қарап, міндетті төлемдерден басқа қандай төлемдер болды — қарап шығыңыз. Бір айдағы орташа табысты есептеп шығарыңыз. Содан 15 пайызын қорға алып қойыңыз. Сөйтіп сол шыққан соманы демалыс алатын ай мөлшеріне көбейтіп, қорда қанша болатынын есептеңіз. 
  • Немен айналысатыныңызды ойластырып қойыңыз. Өйткені жұмыс істеп үйреніп қалған адамға аяқ-асты бос уақыттың көп болып кеткені есеңгіретіп жіберуі мүмкін. Эмоциялық вакуумге кіріп кетпей, демалысты барынша жемісті өткізгіңіз келсе, немен айналысатыныңызды жоспарлаңыз.
  • Қайтып келетініңізді, жұмысқа оралатыныңызды ойлаңыз. Себебі демалыс түбі бір күні бітеді — жұмыс жалғасады. Сондықтан демалыстан кейінгі мансабыңызды, болашақта өзіңізді қалай көретініңізді елестеткен артық болмайды. Егер сала ауыстырмай, сол қызметке қайта келетін болсаңыз — онда компанияға қандай тың нәрсе енгізе аласыз? Кәсіби дамуыңызды қалай жоспарлайсыз? Соның бәрін ойластырыңыз. Демалыстан келген соң психологиялық жағдайыңыз қандай болатынын да ойлаңыз. Еркін жүріп үйреніп қалғаннан кейін күнделікті күйбеңге еніп кету қиын болары сөзсіз.

Ірі қалаларда өмір темпі өте жылдам. Табысты, дені сау, барлық қажеті өтелген адам болу уақыт өткен сайын қиындайды. Адамдар өнімді, көп жұмысты бір мезетте орындай алуы үшін сапалы демалысқа мұқтаж. Мұндайда саббатикал жақсы көмектеседі. Егер сізге қажет секілді боп көрінсе, онда алып алған жөн.

Саббатикалдың кемшіліктері

Шығармашылық демалысқа кім шыққысы келмейді дерсіз? Бірақ бәрін тастап, саяхатқа кетіп қалу үшін де бәрін екшеп, ойлап алу керек. Әбден демалып үйреніп қалсаңыз, күнделікті тіршілікке оралу оңайға соқпайды. Демалыс кезінде жұмыста да біраз нәрсе өзгеріп кетуі мүмкін. Жаңа процестерді меңгеріп, жаңа құралдармен танысып, командадағы жаңа әріптестермен тілдесу қажет болады. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні

Саббатикал айтарлықтай жаңа дүние емес. Десе де, ұжымдар арасында жиі кездесе бермейді. Шығармашылық демалыс мәселесін ұстанатын компаниялар өнімді жұмыс істейтінін мысал түрінде көріп жүрміз. Өйткені саббатикал адамның рухани демалысын қамтамасыз етеді. Сол арқылы жемісті жұмыс істеп, қызметкерлердің жұмысқа етене араласып, таланттарды сақтап қалуына жол ашады. Маман үшін бұл демалыс тіпті жақсы. Жеке де, кәсіби де тұрғыда дамиды.  

Сондай-ақ оқыңыз