Үкімет су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға 500 млрд теңге инвестициялайды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға 500 млрд теңге бөлінеді / коллаж kursiv.media (primeminister.kz және shutterstock), бильд-редактор: Денис Андреев

Үкімет су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға арналған 16 жобаны іске асыру үшін  500 млрд теңге инвестициялайды. Бұл туралы primeminister.kz редакциясына берген сұхбатында Нұрлан Байбазаров айтты.

«Көктемде орын алған су тасқыны еліміздің су шаруашылығы жүйесі инфрақұрылымының дұрыс дамымағанын көрсетті. Біз 500 млрд теңгеден астам инвестицияны талап ететін 16 жобаны анықтадық», — деді министр.

Бұдан бөлек, Үкімет экономикадағы өсімді қамтамасыз ету үшін 9,6 трлн теңге инвестициялауды жоспарлап отыр. 

«Негізгі бөлігін 7 трлн теңге көлеміндегі бюджеттен тыс инвестиция көздері алады. Біріншіден, бұл біздің ұлттық холдингтеріміздің қаражаты. «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтеректің» барлық еркін өтімділігі осы өсу бағдарламасына бағытталған. Екінші көзі — ішкі және сыртқы капитал нарығы. Біз қазір ішкі ресурстарды белсенді түрде тартып жатырмыз. Бұл екінші деңгейдегі банктер мен басқа да институционалдық ішкі инвесторлардың қаражаты», — деді Байбазаров.

Министрдің айтуынша, 195 млрд теңге көлеміндегі қаражат есебінен 300 мыңнан астам адам тұратын 87 елдімекенді газдандыру көзделген. 

«Шілдеден бастап Қазақстанның Даму банкі коммуналдық қызметтер мен табиғи монополиялар субъектілері үшін теңгемен қаржыландыруды ұсыну жаңа бағдарламасын іске қосады. Бұл осы саладағы күрделі шығындарды қаржыландыруға қатысты. Біз алғашқы 5 жыл ішінде кемінде 300 млрд теңге бөлуді жоспарлап отырмыз», — деді вице-премьер.

Сәуірде Қазақстанда «Қазгидрогеология»  ұлттық гидрогеологиялық қызметі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылатыны хабарланды. «Қазгидрогеология»  ұлттық гидрогеологиялық қызметі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Су ресурстары және ирригация министрлігінің және оның ведомствосының қарамағындағы ұйымдар тізбесіне енгізіледі. Мекеме жерасты су ресурстарын басқаруды цифрландырумен айналысады. 

Сонымен бірге Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазагромелиосушар» республикалық әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесін қайта құрылымдауды жоспарлап отыр. Мекеме су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның қызметін ақпараттық, талдамалық және әдістемелік қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды орындаумен айналысатыны жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз