24 жылға сотталған Бишімбаевтың адвокаты апелляциялық сотта үкімді өзгертуді сұрады

Жарияланды
Адвокат соттан үкімді өзгертуді сұрады. Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа шыққан үкім апелляциялық сатыда қаралып жатыр. Сот алқасының қатысуымен басталған сот отырысында бірінші болып Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов сөйледі.

Адвокат бірінші инстанцияда 20 бұзушылық болғанын айтты. Ол экс-министрге шыққан үкімді өзгертуді сұрады. Сондай-ақ Бишімбаевқа «қинау» бабы бойынша шыққан үкімнің күшін жою қажет деп санайды.

«Бишімбаевтың адвокаты ретінде шыққан үкімге келіспеймін. Үкімді заңсыз деп танып, Қылмыстық кодекстің 99-бабы «адам өлтіру» бабын Қылмыстық кодекстің 106-бабына («денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру кісі өліміне әкелген жағдай») ауыстыру қажет деп санаймын. Тағылған айыптың өзгеруіне байланысты жаза мерзімін азайтып, «қинау» бабы бойынша үкім күшін жоюы қажет деп санаймын», – дейді адвокат Ғазымжанов.

Айтуынша, іс бойынша апелляциялық арызында бірінші инстанцияда жіберілген 20 заң бұзушылықты көрсеткенін айтты.

«Бишімбаевтың телефонына келейік. 22 сәуірде жазбаша түрде Бишімбаевтың телефонын алдымен қорғау тарапына беру туралы өтінішхат жолдадым. Алайда сот ауызша қарсы болды. Сот қорғау тарапынан құпиясөзді беруді талап етті. Құпиясөзді беруден бас тарттық. Сол кезде судья Бишімбаевтың телефонын зерттеуден бас тартты. Судьяның бұл әрекеті қорқыту және сотталушының өзіне қарсы дәлелдерді ұсынуға итермелеу. Ешкім сотталушыны өзіне қарсы куәлік беруге және дәлел ұсынуға итермелей алмайды. Бұл – оның құқығы. Оған «онда сені түрмеге қамаймыз, біздің қалағанымызды бермесең, дәлелдеріңді зерттемейміз» деп талап қоюға болмайды. Бізде сот отырысы аяқталған кезде немесе үзілісте телефонның ішінде қорғау тарапына қажет деректер жоғалып кете ме деген қорқыныш болды», – дейді Ғазымжанов.

Сот отырысы басталар кезде Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов экс-министрдің отбасынан 100 млн теңге алған астаналық әйел туралы айтты.

«Әйелге жалған ақша берілді, сол сәтте оны ұстады. (…) Ол алқабилердің атынан келіп тұрғанын, қалалық сотпен байланысы бар екенін, апелляцияға қатысты сұрақтарды шеше алатынын айтқан. Өзін осы істі шеше алатын маңызды адамдар жібергенін айтқан. Сөзінің шын-өтірігін тергеу көрсетеді», – дейді Ғазымжанов.

Адвокат тергеу барысында әйелді жібергендердің де ұсталанатынына сенім білдірді.

«Бишімбаевтар дұрыс істеді. Бірден арыз жазды… Ол әйел Бишімбаевтардың үйіне барған. Хат жазып, хабарласқан, бірақ барлық жерден бұғаттап отырған. Содан кейін үйіне іздеп барған», – дейді адвокат.

Экс-министр азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді және қинау әрекеті бойынша кінәлі деп танылып, 24 жылға сотталған еді. Ал оның туысы қылмысты жасырып қалу бабы бойынша кінәлі деп танылды. Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ оқыңыз