Қазақстанда 17 жасқа дейінгі 80 мыңға жуық жасөспірім жұмыс іздеп жүр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Жұмыс іздеген жасөспірімдер арасында Алматы тұрғындары көш бастады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Жыл басынан бері жұмыс іздеу сайттарына 17 жасқа дейінгі 80 мыңға жуық жасөспірім түйіндеме жолдаған. Оның ішінде Алматы тұрғындары ең белсенді. Мегаполисте еліміздегі барлық жасөспірім түйіндемелерінің 36%-ы шоғырланған. Алғашқы жұмыс орындарында жас қазақстандықтар 90 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін табыс тапқысы келеді.

Түйіндеме саны бойынша екінші орында Астана қаласы тұр. Мұнда жасөспірімдер жалпы үміткерлердің 20%-ын құрады. Үшінші орында 7,5%-бен Шымкент. Төртінші орында 6%-бен Қарағанды. Қазақстанның басқа қалаларында бұл көрсеткіш 5%-ға да жетпейді.

«Жұмыс іздеп жүрген жасөспірімдер белгілі бір сома жалақы алғысы келеді. Орташа алғанда 90-150 мың теңге аралығында табыс табуды көздейді. Бұл жастардың қаржылық тәуелсіздікке ұмтылатынын және еңбек нарығында тәжірибе жинағысы келетінін көрсетеді», – деп хабарлады HeadHunter.

Жасөспірімдер арасында сұранысқа ие бос жұмыс орындарын талдау көрсеткендей, ең танымал жұмыс – даяшы. Бұл мамандыққа деген сұраныс түйіндемелердің жалпы санының 15%-ын құрайды. Сату бойынша кеңесшілер 12%, курьерлер 7%, промоутерлер 5% және буып-түюшілер 4%-ды құрайды.

«Бұл деректер жастардың қызмет көрсету және бөлшек сауда салаларында жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін қарастыратынын көрсетеді. Жұмыс берушілер де жасөспірімдерге қызығушылық танытып, оларға икемді еңбек жағдайларын ұсынып, жұмыс пен оқуды қатар алып жүруге мүмкіндік береді. Бұл өзара тиімді ынтымақтастық жасөспірімдерге болашақта пайдалы болатын алғашқы тәжірибе мен дағдыларды алуға көмектеседі. Жұмыс берушілерге қызмет көрсету және бөлшек сауда салаларындағы бос орындарды толтыруға көмектеседі», – деп жазылған хабарламада.

Қазақстанда 2024 жылдың бірінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ды құрады. Қазір Еңбек министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 315,6 мың жұмыссыз тіркелген. Бұл елдегі жұмыс күшінің 3%-ынан астамы.

Алайда АЭС-ке мүше елдер ішінде Қазақстан жұмыссыздық бойынша көш бастап тұр.

Сондай-ақ оқыңыз