Иран компаниясы Парсы шығанағында терминал салу үшін Қазақстаннан көмек сұрады
Иранның Golden Line кеме қатынасымен айналысатын компаниясы Қазақстанды Бендер-Аббас портында терминал салуда ынтымақтастық орнатуға шақырды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен аталған компания президенті Әли Акбар Эхсанимен кездесуі барысында айтылды.
Жеке компания тауарлардың транзитімен және экспортымен айналысады. Сонымен қатар контейнерлік тиеу және түсіру, сақтау қызметтерін, сондай-ақ Иранның Каспиан портында көлік-логистикалық қызметтердің басқа түрлерін көрсетеді. Бүгінгі таңда компания Қазақстаннан және Орталық Азияның басқа елдерінен, Ресей мен Әзербайжаннан Парсы шығанағы, Үнді мұхиты, Азия және Африка елдерінің порттарына түрлі жүктердің экспорты мен транзиті бойынша өз қызметтерін кеңейтуге мүдделі.
Кездесу барысында Әли Акбар Эхсани жақында компанияның негізгі тиеу-түсіру қуаттары мен кемелері орналасқан Каспий теңізіндегі (Каспиан) Иран порты Иранның теміржол желісіне қосылатынын айтты. Бұл Каспий мен Парсы шығанағы порттары арасында тікелей теміржол байланысын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ кеме қатынасы компаниясының басшысы Бендер-Аббас портында қазақстандық терминал құрылысында ынтымақтастық орнатуды ұсынды.
«Біздің қолымызда Бендер-Аббас портында 25 га контейнерлік алаң бар. Сондай-ақ біз порттағы қазақстандық терминал үшін ыңғайлы жерде тағы 30 га бөлуге және оның құрылысына өз инвестицияларымызды салуға дайынбыз. Біз Каспиан портына жүктерді тікелей жеткізуді ұйымдастыра аламыз», — деді Әли Акбар Эхсани.
Кездесу қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин Golden Line компаниясының басшылығын жобаны талқылау үшін 20 шілдеде Ақтауда өтетін «Солтүстік – Оңтүстік» бірінші халықаралық көлік-логистикалық форумына қатысуға шақырды.