Қазақстан Қытайға жылына 2 млн тонна астық жеткізуге дайын – Тоқаев

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Президент Қазақстан нарығына кіруге ниетті Қытай компанияларына да қолайлы жағдай жасап беретінін айтты / Коллаж: архив kursiv.media

Қазақстан Қытайға жылына 2 млн тонна астық жеткізуге дайын. Әсіресе, ет өнімдерін, майлы және дәнді-дақылдар эскпортын ұлғайтуға мүдделі. Бұл туралы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздерден кейінгі баспасөзге арналған мәлімдеме барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Мемлекет басшысы ауылшаруашылығы саласында екі ел арасында табысты жүзеге асқан бірлескен жобалар барын атап өтті.

«Егіншілікте смарт-жүйесін қолдануға, су ресурстарын ұтымды пайдалануға және  ауылшаруашылығы өнімдерін терең  өңдеуге айрықша назар аударылады. Осы орайда Қытайдың тәжірибесі мен технологияларын қолдануға нақты инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделіміз», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев былтыр Қазақстанның Қытайға экспорттаған ауылшаруашылығы тауары 2 есе өсіп, 1 млрд долларға жеткенін мәлімдеді. Бұдан былай да Қытай нарығына сапалы әрі табиғи ет өнімдерін, майлы және дәнді-дақылдар экспортын арттыруға дайын екенін жеткізді.

«Бұл ретте  Қазақстан астығын 2 миллион тоннаға жеткізуге дайынбыз. Осы саладағы ықпалдастақты кеңейті шараларын қолдағаны үшін Төраға Си Цзинпинь мырзаға ризашылығымды білдіремен», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Қытай компанияларына қандай жағдай жасайды?

Сонымен қатар Президент Қазақстан нарығына кіруге ниетті Қытай компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайын екенін де мәлімдеді.

«Қытай – біздің негізгі шетелдік инвесторларымыздың бірі. Кейінгі 15 жылда бұл елден Қазақстанға 25 млрд долларға жуық инвестиция тартылды. Былтыр Қазақстан экономикасына құйылған қытай инвестициясының көлемі 16 пайызға өсіп, 1,8 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткішті ұлғайтуға екі тарап та мүдделі. Біз өзара тиімді инвестициялық жобаларды одан ары жүзеге асырудың маңызын атап өттік. Нақтырақ айтқанда, энергетика, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, өндіріс, қаржы, көлік, аэроғарыш өнеркәсібі және ІТ салаларына тоқталдық. Қазақстан өз нарығына кіруге ниетті Қытай компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын», – деді Тоқаев.

Бұдан бөлек, екі ел көшбасшылары Транскаспий дәлізі арқылы Қытай-Қазақстан-Еуропа бағытындағы алғашқы көлік керуенінің салтанатты түрде аттануына куә болып, кемелердің жолға шығуына рұқсат берді. Көлік керуенінің сапары 10 күнге созылады, ұзындығы – 4 800 шақырым. Керуен Қазақстанның 8 өңірінен өтіп, бүгін Құрық портына жетті. Олар Әзербайжан, Грузия, Түркия және Еуропа елдеріне бет алады.

Айта кетейік, Қазақстаннан Қытайға жеткізілетін негізгі дақылдардың бірі – бидай. 2023 жылы Қытайға 592 мың тонна, 2024 жылдың бірінші тоқсанында 220 мың тонна бидай экспортталды.

Сондай-ақ оқыңыз