Колумбияда суға батқан қайықта Қазақстан азаматтары болған – БАҚ

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Колумбияда суға батқан қайықта қазақстандықтар болған / x.com/ArmadaColombia, бильд-редактор: Артур Алескеров

Бұқаралық ақпарат құралдары Колумбия жағалауында батып кеткен қайықта Қазақстан азаматтары болғанын жазып жатыр. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ақпаратты растаған жоқ.

Barron’s басылымының ақпаратына сүйенсек, 9 шілдеде Кариб теңізінде 20 мигрант отырған қайық суға батқан. Бір адам қайтыс болып, төртеуі іс-түссіз жоғалып, 15 адам құтқарылды. Құтқарылғандар қатарында 6 бала бар.

Басылымның жазуынша, қайықта отырғандар қатарында Колумбия, Эквадор, Иран, Никарагуа, Қазақстан және Венесуэла азаматтары бар. Құтқарылған екі бала — Қазақстаннан, үшеуі — Венесуэладан.

«Курсив» редакциясы толыққанда мәлімет алу үшін Қазақстан СІМ баспасөз қызметіне жүгінді.

«Бұл туралы ресми жауап жоқ», – деді Сыртқы істер министрлігінің арнайы өкілі Айбек Смадияров.

Апат Колумбиямен Никарагуаның шекарасында, Сан-Андрес пен Провиденсия аралдарының жанында болған. Әр елден жиналған мигранттар Панама мен Мексика арқылы АҚШ-қа заңсыз өтіп кетуге тырысқан. Құтқарушылар жоғалған адамдарды тікұшақпен іздестіріп жатыр.

21 маусымда кешке Грекияның Идра аралында 13 турист жалдамалы яхтада отшашу атқан. Салдарынан қарағайлы орман өртке оранған. Туристер өртті сөндіруге тырысып, кейіннен оқиға орнынан қашып кеткен. Арал мэрі Джоргос Кукулакис оларды сотқа беретінін айтты. Полиция туристерді ұстап, кейін грекиялық БАҚ олардың Қазақстанға қатысы бар азаматтар екенін жазған.

Сондай-ақ оқыңыз