Алматы кеші көңілді: Rock Tobe Fest шарасы қалай өтті?

Жарияланды 10 Шілде 2024 13:52

(жаңартылды 11 Шілде 2024 09:53)
post.authors.0.name

Айшолпан Керім

Алматыдағы фестивальдер маусымы жалғасуда / Фото: Rock Tobe Fest, бильд-редактор Аружан Махсотова

Оңтүстік астанадағы жазғы фестивальдер маусымы жалғасын тауып, Алматы алақандай көрінетін «Көк-Төбе» мәдениет және демалыс саябағында рок музыкасының тыңдармандарына арналған ауқымды фестиваль өтті.

Rock Tobe Fest – ашық аспан астында 2000-ға тарта көрерменнің басын қосқан кеш. Кеш ұйымдастырушысы – Kinomany.band командасының көшбасшысы, Алматыдағы бірінші рок клубының негізін қалаушы Асылтай Әбдікәрім. Оның айтуынша, биыл шараның ауқымы кеңейе түскен.

«Мерекелік шара күндізгі 15.00-ден түнгі 23.00-ге дейін болды. Осы аралықта нақты 2000 адамды қамтыдық дей аламыз. Алайда концерт ашық алаңда өтті. Келушілер, сырттан қарап кеткендер тіптен көп болды. Бүгінгі таңда қаладағы рок мәдениетін дамытып, осы бағытта үлкен фест ұйымдастыру жауапкершілігін өз мойнына алған біз ғана», – дейді ұйымдастырушы. 

Кешке қатысушы артистер авторлық әндерін орындап қоймай, көрерменді ең танымал рок әндерді орындап та қуантты. Соның ішінде Naked Sense тобы Queen, AC/DC, Radiohead және Nirvana-ның танымал хит туындыларын орындап, сахнаны жандырды. 

Асылтай Әбдікәрім мұндай кеш өткізудегі басты мақсат – Алматылық роксүйер қауымның басын қосып, салалық музыка мәдениетін дамыту екендігін айтады. 

«Біздің ұранымыз да осыны растайды: «Биле, ән айт, өмір сүр, демал!» Біз барлық жас өкілін қамтимыз. Бұл кеште жастар да, жастайынан рок тыңдап өскен орта жас өкілдері де болды. Өз басым, шара көңілімнен шықты деп айта аламын», – дейді ол.

Ұйымдастырушы топ мұнымен тоқтап қалмайтынын айтады. Олар алматылық өнер сүйер қауым үшін жаз біткенше, тағы бір мерекелік кеш ұйымдастырмақ. Жұмыс тобы дайындыққа кірісіп те кеткен. Тамыз аяғында ұжым Виктор Цойдың еске алуға арналған фестиваль өткізеді. Бұл шарада да танымал әншінің ескірмейтін туындылары орындалады. Ұйымдастырушылар қонақтардың бәрі керемет әсер алып қайтады деп уәде беріп отыр. 

Жаз бастала салысымен алматылық жастары үшін әр демалыс сайын түрлі фест ұйымдастырылады. Бірі қайсысына барарын білмей, таңдау жасаудан қиналса, ендібірі мұндай фестер болатыны жайлы естімей, қызықтан қалып жатады. Алматы жазын фестивальдерсіз елестету қиын. Kursiv.Media алдағы екі айда болатын қызық фестивальдер тізімін әзірлеген.

Сондай-ақ оқыңыз