2025 жылы доллар бағамы қандай болады: Ұлттық банк нарық өкілдерінің болжамын жариялады
2025 жылы доллар бағамы 490 теңге болуы мүмкін. Ұлттық банктің сарапшыларының кезекті макроэкономикалық сауалнамасына қатысқан нарық қатысушылары осындай пікір білдірген.
Сарапшылардың мұнай бағасына қатысты болжамы мамырдағы сауалнама нәтижесімен салыстырғанда айтарлықтай өзгермеген. Мамыр айында нарық қатысушылар мұнай бағасы барреліне 83,3 доллар болады десе, маусым айында 83,7 доллар деңгейінде қалыптасады деп пікір білдірген.
Сауалнамаға қатысқандар ел экономикасының өсімі сәл баяулайды деген пікірде. Бір ай бұрын жалпы ішкі өнім 4,3% өсім көрсетеді десе, өткен айдағы сауалнамаға қатысқанда жыл соңына қарай өсім 4,1 пайыз құрайтынын айтқан.
Инфляцияға қатысты болжам да төмендеген. Мамыр айындағы сауалнамада нарық қатысушылары инфляция 8,5%-ды болады деп жауап берген. Ал осы сауалнамада инфляция 8 пайыз деңгейінде қалыптасады деп пайымдайды.
Алайда сарапшылардың базалық мөлшерлемеге қатысты болжамы өзгерген. Нарық өкілдері жыл соңына қарай базалық мөлшерлеме 14,5%-ға дейін көтерілуі ықтимал деп отыр.
Жыл соңына қарай доллар бағамы 460 теңгеге тұрақтануы мүмкін. Алайда 2025-2026 жылдары теңге құнсызданып, 2025 жылы 1 доллар – 475 теңге болса, 2026 жылы 490 теңгеден асуы ықтимал деген пікір білдірген.
Пікіртерімге Қазақстан бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерді талдау және болжаумен айналысатын ұйымдар қатысқан. Респонденттер қатарына нарықтағы кәсіби қатысушылар, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар, сондай-ақ рейтингтік агенттіктер кіреді. Макроэкономикалық пікіртерімде Ұлттық Банктің болжамдары қамтылмайды.
Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, теңге жыл басынан бері Ұлттық қордан түсетін қосымша трансферттердің есебінен нығая түскен. Алайда 2024 жылғы маусым-шілдеде құнсыздана бастады. 9 шілдеде ұлттық валюта қатты құнсызданып, доллар бағамы 480,77 теңгені құрады. 15 шілде күнгі доллар бағамы – 474,33 теңге.