Үкімет Петропавлдағы автожол өтпесін салуға 2,9 млрд теңге бөлді
Үкімет Петропавлдағы автожол өтпесін салуға 2,9 млрд теңге бөлді. Жобаның жалпы құны – 5,9 млрд теңге. Оның бір бөлігі жергілікті бюджеттен қаржыландырылған.
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларын іске асыру үшін Үкімет қаулысы қабылданған.
«Аталған жобаның қала үшін маңызы зор, өйткені 1961 жылы салынған автожол өтпесі апатты жағдайда тұр», – делінген хабарламада.
Теміржол магистралі қаланы екі бөлікке бөледі, Караванная көшесіндегі автожол өтпесінен күн сайын 16 мыңға жуық автокөлік қатынайды. Аудандар мен облыс орталығы арасындағы көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысын қамтамасыз етеді.
«Осыған байланысты, Универсальная көшесінің бойында бұрыннан бар жолмен қатарластыра жаңа жол өтпесін салу туралы шешім қабылданды», – делінген Үкімет хабарламасында.
Бұған дейін су тасқынынан зардап шеккен инфрақұрылымды қалпына келтіруге қосымша 22,7 млрд теңге бөлінген. Қаулыға сәйкес, бөлінген қаржы Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жол және көпірлер мен арықтарды қалпына келтіру, реконструкциялау үшін әкімдіктерге беріледі.
Сонымен қатар Үкімет елдегі 5 мың шақырым автожолды жаңғыртуға Қазақстанның даму банкінен 1 млрд долларға жуық несие алатыны белгілі болды.