Сәлемдеме мен коммуналдық төлемдерді ұрлаған: Бас прокуратура «Қазпошта» қызметінен кемшіліктер тапты
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті «Қазпошта» акционерлік қоғамының жұмысын тексеріп, компания қызметкерлерінің сәлемдеме мен коммуналдық төлемнен қаражат ұрлау фактілерін анықтаған. Бұл жайлы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Прокуратура компанияда Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс талаптарының сақталуына, сондай-ақ статистикалық есептің дұрыстығына тексеру жүргізген.
«Тексеру барысында жолданымдарды тіркемеудің 10 мыңнан астам фактісі, 2 мыңға жуық мемлекеттік құқықтық статистиканы бұрмалау, 249 жолданымдарды уақтылы тіркемеу, өтініштерді қарау мерзімдерін бұзудың 94 фактісі және өзге де кемшіліктер анықталды», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Сондай-ақ «Қазпошта» АҚ қызметкерлері пайдаланатын электрондық құжат айналымы жүйесінің Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс талаптарына сәйкес келмейтіні де белгілі болған.
Компанияда болған бөтеннің мүлкін ұрлау, алаяқтық фактілері бойынша құзырлы органдарға хабарланбаған. Соның нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтар есепке алынбай, олар бойынша процестік шешім қабылданбаған.
Осындай кемішілктерді анықтаған Комитет компанияға қатысты 20 әкімшілік іс қозғап, 21 ұсыным берген.
Ал заңбұзушылық фактілеріне қатысы бар компанияның 48 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке, 20-сы әкімшілік жауаптылыққа тартылған.
Комитет «Қазпошта» АҚ филиалдары арқылы жіберілген сәлемдемелерді ұрлаудың 3 фактісін, сондай-ақ коммуналдық қызметтерді төлеу үшін қабылданған ақшалай қаражатты ұрлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеген.
Еске сала кетсек, осының алдында Қаржы мониторингі агенттігі «Қазпошта» кассирлерінің паспорт пен жеке куәлікті рәсімдеуден түскен пайданы жымқырып, мемлекетке 84 млн теңге шығын келтіргенін хабарлады.
Тергеп-тексеру барысында агенттік Алматы облысы Жамбыл ауданының халыққа қызмет көрсету бөлімінде қызмет көрсететін «Қазпошта» АҚ кассирлерінің 2021-2023 жылдар аралығында паспорт және жеке куәлікті рәсімдеу барысында мемлекеттік баждың бір бөлігін иемденіп отырғанын анықтаған.
Ал 2023 жылдың күзінде «Қазпошта» өңірлердегі мекемелеріне тексеру жүргізіп, нәтижесінде 273 млн теңге жымқырылғанын анықтаған болатын. Тексеріс барысында жымқыру, алаяқтық, ұрлық және заңсыз сыйақы алу сынды заң бұзушылық фактілері тіркелген.